Шымкент. 28 сәуір. Қазір қоғамымызда дінге қатысты көптеген түсініспеушілік түйіткелдері орын алуда. Сондықтан болар, жастарымыздың жат ағымдардың етегінде кетуі, өздерін-өздері өлімге қиюы, мектеп оқушыларының хиджаб киюі, медицинаны мойындамауы, салт-дәстүрімізге сызат түсіру сияқты келеңсіздіктер ара-тұра орын алып жатыр. бұған көз жұма қаруға болмайды. Дінді негізге алып, қоғамды бөле-жаруға әрекеттенушілерге әрекет керек, түсіндіру жұмыстары қажет. Осыған орай, біз ОҚО Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің директоры Ноғаев Асылбек Әуезханұлынан арнайы жолығып, жоғарыдағы мәселелер бойынша ой-пікір бөліскен едік.
— Асылбек Әуезханұлы, әңгімеміздің басында өзіңіз туралы, еңбек жолыңыз жөнінде хабардар болып, негізгі сұрақтарға содан кейін көшсек, қалай қарайсыз?
— Келісемін. Мен 1979 жылы маусымның 15-інде сол кездегі Сайрам ауданына қарасты Бадам елдімекенінде дүниеге келіппін. Осындағы №38 Циолковский атындағы орта мектепті бітірген соң Шымкент қаласындағы Сауд-Баптин әл Кувейти атындағы Шығыстану институтына (қазіргі Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті) «Қазақ тілі және әдебиеті, сонымен қатар, ағылшын тілі мамандығы бойынша ақылы оқуға түсіп, жақсы аяқтап шықтым. Біздің бақытымызға қарай, сол кездері Қазақстан ғана емес, бүкіл Орта Азияға танымал профессор, академиктер, Орта Азияға танымал, түркі ұлтының тұтқасы бола білген Мейірбек Оразовтың жетекшілігімен дипломдық, магистірлік жұмыстарымызды қорғап, диплом алып шықтым. Осы кісінің арқасы болар, ғылымның не екенін, зерттеу жұмыстарының нәтежиесін, шет тілдерін үйренудің пайдасын түсіндім. Магистрлік диссертацияны қазіргі Қазақ-Түрік университетінде қорғап, қазақ тілі бөлімі бойынша, арасында түрік, араб, ағылшын тілдерін қосымша меңгеріп шықтым. Еңбек жолымды 2009 жылы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы «Ұағыз- насихат және интернетпен жұмыс» бөлімінде референт болып бастадым. Өзімнен 10-12 жас кіші балалармен жұмыс жүргізе отырып, мекеменің бүткіл құжаттарын рәсімдеп, ретке келдіріп отырдым. 2009-2012 жылдары Ораза айында «Қазақ» ұлттық радиосында арнайы діни хабарлар тарататын, уағыз айтатын маман қажет деген соң барып көрейік деген ниетпен қара шаңыраққа бас сұғып көріп, бір айдан соң бір-ақ шықтым. «Қазақ» радиосының директоры Ғалымжан Бердешов : «Сіздің уағыздарыңызда Абай да, Шәкәрім де, ғылым, философия, психология, халықтық салт-дәстүр, бәрі бар екен. Осындай маман бізге қажет» деген соң 3 жыл бойы әр жұмада осы радиодан уағыз жүргіздім. Мұның пайдасын да көрдім. Уағыз айтушының негізінде 3 кітап жаздым. « Даналық ойдан дән ізде» «Ізгілік қалсын әр ізде», «Жанұя жарасымы» атты көлемді кітаптарым лезде өз оқырмандарын тауып, жақсы пікірлер айтылды.
2012 жылы ҚМДБ «Уағыз-насихат және интернетпен жұмыс» бөлімінің меңгерушісі қызыметіне тағайындалып, жұмысым еселене түсті. Осы жылы Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің бірінші наиб имамы қызметіне келдім. Елбасымыздың: «Бұл мешіт тек құлшылық ететін орын ғана емес, мәдениеттің, өркениеттің рухани орталығы болуы тиіс», — деген сөзін негізге ала отырып, мешіттің рөлін көтеруге тырыстық. 2013 жылы мешіт ішінен «Хикмет» телерадиосының негізін қаладық. Америкадан хабар түсіретін және аудио жазба студиясының құрал-жабдықтарын алып келіп, арнайы мамандар даярлап, екі жыл бойы ықпалдық эфир таратумен айналыстық. Қазіргі кезде «Хикмет» телерадиосының миллиондаған көрермендері мен тыңдармандар бар. 2013-2014 жылдары «Муслим кз» діни ағарту порталына жетекшілік еттім. Ол уақыттарда сайт деген жоқтың қасы. Діни сайттар атымен жоқ. Осы сайттар арқылы діни уағыздар айту, қазақтың ұлы ойшылдарының сөзін қосу арқылы жастарға оң көзқарас қалыптастырғымыз келгені рас. Имам, молдаларға арнап түрлі кітаптар шығардық. 2014 жылы елге оралып, «Асыл сөз» медиа орталығында еңбек еттім. Әкімшіліктермен, орталықтармен байланысып, әр түрлі іс-шаралар, конференциялар, семинар кеңестер өткізіп тұрдық. Қазір ол орталық жұмыс істеп жатқан жоқ, тоқтаған.
— Басқармаға қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығына» қалай келдіңіз, ұсыныс қай тараптан болды?
— Атқарылған жұмыс еш уақытта жерде қалмайды ғой. Өткізген семинар, конференцияларым, бұл саладағы тәжірибием мен ұстанымдарым облыс әкімдігінен, дін істер басқармасына жеткен болуы керек. Басшылыққа менің кандидатурамды ұсыныпты. Осы жолы «жоқ басқара алмаймын, қолымнан келмейді» деп айтуды өзіме ар көріп, ұсынысқа келістім. Алда өзімді қыруар жұмыстар күтіп тұрғанын түсіндім. Бірінші кезекте қызметкерлер арасындағы рухани атмосфераны өзгерту керектігін ұқтым. Өз оймды жүзеге асырғанша 1,5 айдай уақыт кетті. Осы уақыт аралығында бірнеше іс-шаралар ұйымдастырып, республикалық деңгейде семинарлар өткіздік. Астана қаласынан қонақтар шақырып, жаңадан енгізілген заңдармен таныстырдық, жоғарғы деңгейде эстафеталық флешмоб өткіздік. Жастардың діни теріс ағымға қарсы екенін, ондай жат әдетті қолдамайтындықтарын өзгелерге сездірдік. Жас мамандарымыз түрлі бағытта мақалалар жазып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да түсінік жұмыстарында жүргіздік. Осындай ізгі істердің барлығында бірлесе еңбектеніп, жастардың жалынды күш екенін дәлелдей білдік.
— Дін – қоғамның ажырамас бөлігі екені рас. Осы мәселе төңірегінде жастарға қандай үгіт-насихат, бағыт-бағдар керек деп ойлайсыз?
— Рас, қазіргі кезде дін мәселесі өткір тақырып болып тұр. Жастарымызға үлгі-өнеге көрсетеді деген үлкендеріміздің өзі өзге діннің жетегінде кетіп, жат ағымдармен байланысып жатыр. Айналамызға байыптап қарар болсақ, бізге керегі бейбіт заман, тыныштық керек екен түсінікті. Өсірген перзенттерінің қызығын көру – әрбір ата-ананың арманы. Ендеше неге осы тыныштығымызды өзіміз бұзып, ұл-қызымызға ұиынат жасаймыз. Өркениеттің өзегі деп, өзге елдің жақсысын өзімізге жапсырудың қажеті бар ма? Қазақ халқы іргелі де, дамыған ел. Өркениет бізде әлдеқашан орнаған. Тарихымызға тереңірек үңіліп көрелікші, өркениеттің кез-келген түрін байқайсыз. Дінді әлемдік деңгейде зерттеген уақытта Құранның аяттары мен Пайғамбарымыздың хадистерін дәл қазақ халқы сияқты терең түсінген ел жоқ. Осы үшін біз әлемге үлгі бола аламыз. Мысалы, бір хадисте Пайғамбарымыз Аллаға ақырет келтірген адам, қонағын қадірлесін деген бар. Қонағын қадірлесе деген бұйрық болған, бірақ қалай қадірлеу тұрғысында айтылмаған. Осыны әр ұлт, әр халық өзінше атқаруға тырысады. Ал қазақ халқының қонақ қадірлеуі олардікіне мүлдем ұқсамайды. Қонағын Құдайындай сыйлап, төрден орын беру, мал сойып, жөн сұрамай-ақ 3 күн күту қай халықтың салтында бар? 5 баласы бар қазақ алтыншысын қонақтың еншісіне балаған. Оны қонақ сұраса алып кетеді, алып кетпесе жеп кететін болған. Ал бермесе, қонағы ашуланып, ауыр сөз айтып кетуі мүмкін. Қазақ өзі жемеген асын қонағына сақтайды, астындағы атынан түсіп, қонағына мінгізеді. Мұндай мәрттік қай ұлтта бар? Басқа да ас ату, сарқыт деген дәстүрлеріміз бар, бұлар өркениет болмаса қайдан шықты? Құранда «ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап етпеңдер» деген де аят бар. Қазақ халқы өмұны да өзіндік салт-дәстүрімен шеше білген. Мал сояды, айналасындағыларға қонақ кәде жасайды. Қалған асты жастарға ас ату жасайды. Қалған асты келіндеріне сарқыт деп береді. Бұл жерде ысырапшылық жоқ. Жомарт болыңдар, ысырап болмасын деген екі жақты қарама-қарсылықты халқымыз өз орнына қоя біліп, Құран аяттарын орындап отыр. Баланың дүниеге келіп, өмірден өткенге дейінгі ырымдары мен салт-дәстүрлердің барлығы дінімізге, өркениетімізге байланысты. Осының барлығын жастарымыз жақсы білуі керек, әлемдік жаһандануда жастарымызды сақтап қалар байырғы салт-дәстүріміз, өркениетіміз.
— Ал, мектеп оқушыларының хиджаб киіп, оранып-қымтануларына қалай қарайсыз?
— Біз зайырлы мемлекет қатарындамыз. Мұндай елде білім алудың да білімі зайырлы болуы тиіс. Ата Заңымызда білім беру мекемелерінде білім берудің, киім үлгісінің талаптары көрсетілгендей, мектеп басшысы қандай талап қойса, сол талап орындалуы тиіс. Мектеп оқушылары бір келкі форма кию талаптарын орындап жатса, біздің де айтарымыз жоқ. Әйтседе, хиджаб киіп, мектеп талаптары орындалмай жатқаны қайсыбір өңірлерде кездесіп қалып, мектеп басшылығы мен ата-аналар арасында түсініспеушіліктер орын алып жатқаны шындық. Бізге де көптеген ата-аналар хабарласып, «Хиджаб киетін, орамал тағатын қызымыз бар. Айтқанға көнбейді, сөйлесіп беріңізші» дейді. Бірақ «қызым шашын қызылға бояп, келте юбка киеді, сөйлесіп көріңізші» деп бір ата-ана айтпайды. Орамал тағып, хиджаб киген қыздардың ата-аналарына айппұл салып, ескерту жасасақ, онда мектеп формасын енсінбей, ашық-шашық жүрген оқушыларға да сондай шара қолдануымыз керек. Кез-келген оқушы ата-ана мектеп талаптарын орындауы тиіс.
— Асылбек Әуезханұлы, қазіргі кезде жастар арасында суицид яғни, өзін-өзі өлімге қию оқиғалары жиіліп кетті. Мұның себебі неде, алдын алуға қандай мүмкіндіктер бар деп ойлайсыз?
— Қазақстан әлемде суицид бойынша төртінші орында тұр. Бұл мақтаныш емес, қасірет деп ойлаймын. Мұның себебін іздесек, біріншіден – біз жастардың жанын терең түсініп, олардың ішкі жан дүниесіне аса мән бере алмайтындығымыз. Ата-ана да қазіргі бала тәрбиесінен гөрі күнделікті күн көріс қамын көбірек ойлайды. Баламен бетпе-бет сөйлесу, олардың өмірге деген көзқарастарын зерттеу ата-ана үшін маңыздылығын жоғалтып барады. Одан гөрі серуендеуді, теледидардағы сериалдарды көруді дұрыс көретін ата-аналар жоқ емес. Екіншіден – бала бойынан табылар білімсіздік. Мектепке барғысы келсе барып, барғысы келмесе көше кезіп, қыдыруды әдетке айналдырған балалар мектептің де, ата-ананың да назарынан тыс қалып жатады. Қазір ақпарат заманы. Баланың қолынан да, жанынан да әлемнің кез келген нүктесінен қажетті ақпарат ала алатын технологиялар жеткілікті. Мұның да жастар үшін пайдасынан зияны көп. Инстограм, фейзбук, вконтакте, ватсап секілді әлеуметтік желілерге байланған жастарымыздың ілуде біреуі болмаса, басқасы бірде-бір әдеби кітап оқып, мәдени орындарға бармасы анық. Ата-ана ақылын тыңдамай, ұстаздарының кеңесін керек қылмай өскен бала қандай болуы тиіс? Өзімшіл, өркөкірек, мінезі шәлкес болып өспей ма? Бізде көбінесе мейірімділік жетіспейді. Әрбір ата-ана таңертең баласын мейіріммен оятып, жылы сөздерін арнап жатса, бойдағы қатыгездікті мейірім жеңген болар еді. Мейірімге қанбаған бала қатыгездікті тез қабылдайтынын ұмытпауымыз керек. Мейірім терапиясы дұрыс жұмыс жасаса, кез-келген түйіткілді шеше алатынын ғалымдар зерттеп, дәлелдеген. Әр бала мейірімге қанық болса, төңірегіне шуағын шашып жүргісі, еркелегісі, күлгісі, бауырына тығылғысы келеді.
Жақында ғана суицид мәселесіне байланысты аудан, облыс мамандарын жинап, іс-шара өткіздік. Жоғарыдағы мәселелер тілге тиек болды. Жалпы, бұл қасіретпен қоғам болып күресіп, тығырықтан шығар жолды таңдай білуіміз керек. Өмір деген қиналған сәтіңде қия салатын нәрсе емес. Қайта өмір сүру үшін күресіп, өзіңе ата-ағаңа, қоғамға пайдаң тиетіндей әрекет жасау керек.
— Тағы бір келеңсіз көрініс, бұл – «Қарттар үйінің» көптігі мен ондағы өмір сүріп жатқан ата-аналарымыздың тағдыры. Төле би ауданында «Мүгедектер үйі» барын білеміз. Ондағы тәрбиеленушілер кәмелеттік жасқа толған соң «Қарттар үйіне» ауыстырылады екен. Қилы-қилы тағдырларды көріп отырып, көзімізбен жер шұқимыз. Бұл тұрғыда не айтар едіңіз?
— Иә, жетімін жылатпаған, қарттарын қаңғыртпаған, жесірін жібермеген ел едік қой, бір кездері. Ата-анасының басқан ізін іздеп, сүюге зар болған, әкесін «жәннәтім» анасын «жұмағым» деп қадірлей білген бізге не болағанын түсінбей барамыз. Кез-келген үйдің қарты — сол отбасының қазынасы, береке-бірліктің бастауы. Ата-анасының батасын алып өскен ұл-қыз бақыттың құшағына бөленеді, өзі де перзенттеріне көргенін істейді, дұрыс тәрбиелей біледі. Қатыгездік белең алып тұрған мына заманда әке-шешесін «Қарттар үйіне», бауыр еті баласын «Жетімдер үйіне» өткізіп, аса бір маңызды іс атқарғандай маңғазданған қандастарымды көргенде жердің тесігіне кіріп кетердей қысыламын. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» демекші, Құдайын да, салты мен дәстүрін, қазақы ұғымын тәрк етіп, тоғыз ай толғатқан анасын, өмірге әкелдірген әкесін «Қарттар үйіне» өткізген қатыгез ұл-қыздардың алдында ертеңгі күні өз перзенттері алдына келтірерін олар неге ойланбайды екен? «Әкеңе не істесең алдына сол келеді» дегенді неге ұмытады олар?
Иә, бізде мейірімділік, имандылық, құрмет деген кеміп барады. Бір кездері ұл-қызын осылай тәрбиелеген ата-ана кінәлі ме, әлде бұған да қоғамды кінәлаймыз ба, мұны әр оқырманның өз құзырына қалдырып, мұндай сұмдықтың алдын кесу жолдырын барлығымыз іздеген дұрыс.
— Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
— Еліме, жеріме адал қызмет ету. Бабалардан қалған сөз бар «Кімге қарыздарсың?» дегенде «Елге қарыздармын» деген. Елімді ұлықтау, туымды жоғары көтеру менің қарызым да, парызым да. Менің адам болып өсіріп-өндіргені үшін еліме, жеріме қызмет етуден жалықпаймын. Төріне шығарып, жақсы айтса да, етегімнен тартып жаман айтса да, ол – менің елім. Елімнің еркесімін, серкесімін. Құдайдың жаратқан бір пендесімін.
— Уақыт бөліп, ашық сұхбатта бізбен сыр бөліскеніңіз үшін алғысымызды айтып, еңбектеріңіздің еселене беруіне тілектеспіз.
— Рахмет!
Сұхбаттасқан: Назипа Дарханбайқызы
Ақпарат көзі: Дін мәселесін зерттеу орталығы