Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Діндегі айыптаушылық дерт – тәкфіршілік

Астана. 29 мамыр. Тәкфіршілік– бұл өздеріне қосылмаған басқа мұсылмандарды кәпір деп есептейтін, ислам дінінің атын жамылған ең қауіпті және радикалды ағымдардың бірі болып саналады.

Бұл ағымның тарихы сонау исламның пайда болуының алғашқы жылдарынан бастау алады. 656 жылы халифа Османнан кейін халиф болып сайланған Әли ибн Әбу Талиб пен Сирияның әмірі Муавия ибн Әбу Суфиян арасында келіспеушілік туындап, мұның арты Сыффин соғысына (657ж) ұласады. Соғыс барысында жеңіліске ұшырай бастаған Муавияның әскерлері найзаларының ұштарына қасиетті Құран жазылған парақтарды іліп алып, шариғат бойынша төрағалыққа жүгінуді өздерінің қарсыластарына ұсынады.Бұл ұсынысты жеңіске жетіп жатса да Әли бин Әбу Талиб қабыл алады. Міне дәл осы кезде халифа Әлидің әскерлерінің арасынан бұл төрелікке наразы болып 12 мың адам бөлініп шығады. Бұл топқа басқа мұсылмандардан бөлініп шыққаны үшін «бөлінушілер» мағынасындағы «харижиттер» деген атау беріледі. Харижилер жеке лагерь болып орналасып, өздерін мойындамаған мұсылмандарды кәпір деп, олардың мал — мүлкін тонап, адамдарды өлтіре бастайды. Бірақ тез арада халифа Әли харижилерді талқандады. Деректер бойынша тек төрт адам ғана аман қалып, олар харижиттік сенімнің одан әрі жайылуына себепкер болады. Ал қазіргі таңдағы тәкфіршілік дәл сол әділетті халифа Әли ибн Әбу Талиб жоюға тырысқан харижиліктің қазіргі замандағы жалғастырушылары, тікелей мұрагерлері болып саналады.

Ал қазіргі таңда тәкпіршіліктің пайда болуына «мұсылман бауырлар» қозғалысының жетекшісі Саид Кутб еңбектерінің неғұрлым радикалды түрдегі интерпретациялары үлкен ықпал етті. 1966 жылы оның өлім жазасына кесіліп, «Мұсылман бауырлар» қозғалысының мемлекет тарапынан қудалана бастауы осы ұйымның көптеген мүшелерінің радикалды көзқарас ұстанып кетуіне себепші болды. Ал 1970 жылдары алғашқы тәкпіршілік ұйым «ат-Такфир уәл-хиджра» пайда болды. Алғашында Египетте пайда болған қауіпті идеология тез арада басқа араб елдеріне, онан кейін бүкіл әлемге таралып кетті. Қазіргі таңда көптеген террористік ұйымдар тәкпіршілдікті ту етіп, әртүрлі жарылыстар ұйымдастырып, лаңкестік әрекеттерге барып жатыр. Өздерін «Ислам мемлекеті» деп атайтын содырлар да осы идеологияны пайдаланып Ирак пен Сириядағы өздеріне қосылмаған қаншама мұсылмандарға қаншама зәбір бергенібәрімізге белгілі.

Ал біздің елімізге бұл қауіпті ағым тәуелсіздігімізді алып,бүкіл жаһанға есігімізді айқара ашқан 90-шы жылдары әртүрлі діндермен қатар енді.Сөйтіп ол өзінің улы дәнін біздің қоғамымызға да шаша бастады. Қаншама жастарымыз қысқа уақыттың ішінде намаз оқымайтын ата-анасын кәпір деп, олармен арасын үзген, мәзхабты мойындамайтын дінбұзарға айналды. Жалпы бұл ағымды біздің елімізге әкелгендердің бірі «шейх Халил» атымен танымал Абдухалил Абдужаппаров болды. Ол Пәкістанда білім алып, сонда тәкфіршілдік идеологиясын қабылдайды. Елге 2000-шы жылдардың басында келіп, халық арасында белсенді насихат жүргізе бастайды. Оның тікелей қатысуымен Орал, Атырау және Ақтөбе қалаларында тәкфіршілік ошақтары пайда болды. 2003 жылы елден кетуге мәжбүр болғанымен, интернет арқылы қазақ жастарын такфиризм құрығына түсіруге тырысты. 2017 жылы аталған азамат елге депортацияланып, қылмыстық әрекеттері үшін сотталған болатын. Құқық қорғау органдарының мәліметі бойынша Сирия мен Иракта және Ауғанстанда соғысып жүрген Қазақстан азаматтарының барлығы дерлік А.Абдужаппаровтың үндеуімен тәкфіршіліктің шырмауына түсіп қалғандар болып есептеледі. Сондай-ақ соңғы жылдары елімізде тіркелген барлық терактілердің басым бөлігін осы ұйымның мүшелері жүзеге асырғаны қазіргі таңда мәлім болып отыр. Осылайша біздің қоғамымызға үлкен дерт әкелген тәкфіршілердің «ат-Такфир уал-хиджра» атты ұйымы 2014 жылы Қазақстан Республикасында қызмет етуіне тиым салынған қауіпті ағымдар қатарына қосылды.

Тәкфіршілік – бұл кез-келген адамды өз ата-баба дәстүрінен, тарихынан, отбасынан, сенімінен, мәдениетінен жеріндіретін қауіпті дерт. Әсіресе енді ғана өз ата-бабаларының салып кеткен жолы мен руханиятын, салт-дәстүрін жандандыруға тырысып жатқан қазақ қоғамы үшін бұл ағымның тигізер зардабы орасан зор.Тәкфіршілер: «көшпелі казақта дін қайдан болсын, олар ешқашан мұсылман болмаған, болса да дұрыс ұстанбаған, ақидалары қате болған» деген секілді қазақ мұсылмандығын және оның сан ғасырлар бойы қалыптасқан діни тәжірибесін жоққа шығаруға тырысып келеді. Өкініштісі бұлардың мұндай өтірігіне қаншама бауырларымыз сеніп қалды. Тәкфіршілердің улы идеологиясына иланып қалған бұл бауырларымыз ұлттық жаңа жылымыз Наурызды – бидғат, қазақы өнердің бұлағы болған домбыраны, қобызды және ұлттық сусынымыз – қымыз бен жылқының етін харам деп, бүкіл қазақы құндылықтарымызды жоққа шығаруда. Ал егер ата-бабаңның қабіріне барып оларға құран бағыштайтын болсаң, сен олар үшін Аллаға серік (ширк) қосатын пұтқа табынушыға айналасың. Сөйтіп олар өздерін бейне бір дін дегеннен мүлдем хабарсыз қазақ халқына ислам нұрын әкелуші ретінде сезінеді. Ал шын мәнінде тәкфіршілердің осындай сөздері шындыққа жанаса ма? Әрине,жанаспайды.

Тарихымызға көз жүгіртсек, ислам қазақ даласына VII ғасырдың соңынан бастап ене бастаған. Ал X ғасырдың ортасында Қарахан мемлекетінде тіпті мемлекеттік дін деңгейіне көтерілді. Ал кейіннен пайда болған Алтын Орда мемлекеті және оның орнын басқан Қазақ хандығының қоғамында, тұрмыс-тіршілігінде шариғат маңызды рөл ойнады. Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» да шариғатқа негізделіп жасалғаны бәрімізге белгілі. Оның үстіне біздің елімізден бүкіл ислам әлемі мойындаған қаншама Фарабилер, Сығанақилер мен Таразилер шықты. Ислам дінінің терең ықпалын мәдениетімізден, салт-дәстүрімізден, тіпті тілімізден де байқауға болады. Қазақ сахарасына XV ғасырда саяхат жасаған Дженкинсон да, XVII ғасырда саяхаттап келген Д.Кэстльде қазақтардың мұсылмандықты берік ұстанатыны және бес уақыт намазды қаза қылмайтыны жайлы жазған. Ал біздің тәкфіршілікті ұстанатын кейбір қандастарымыз осының бәрін мойындағысы келмейді.

Тәфіршілік ұстаным негізінде бүгінгі күні әлемде қаншама радикалды топтар пайда болды. Ішкі рухани болмыстан гөрі іс-әрекетті бұрын ұстанған бұл топтар ислам дініне күйе жағып ғана қоймай, жазықсыз жандардың қанын төкті. Жаһандану үдерісінде бірқатар ұлттарды топалаңға ұшыратқан осы сынды шетін идеологияларға қарсы тұратын басты дәрмен – ол өз мәдениетіңді берік ұстану. Адамзат арасында идеялық тартымдылық ешқашан мәнін жойған емес. Демек, ұлттың сақталуы, қарапайым халықтың бейбіт өмір сүруі үшін қашанда оларға тойтарыс беріп отыру қажетілігі туындайды. Ұлттығымыздың мәні мен маңызы болған дәстүрімізді ұлықтағаннан ұтылмайтынымыз анық. Қастерлі тарих осылай еткенде ғана бәрін өз орнына қоймақ.

Жарас Аханов,

ҚР ДІАҚМ Дін істері комитеті

Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу

және талдау орталығының

бөлім басшысы

Ақпарат көзі: Алаш Айнасы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *