Астана. 31 мамыр. «Таблиғи жамағат» халықаралық ұйымын Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты 2013 жылдың 26 ақпан күні экстремистік топ ретінде танып, оның еліміздің аумағындағы қызмет етуіне тыйым салу туралы шешім шығарды.
Пакистандық бұл ұйым алғаш 1927 жылы Үндінің Дели қаласы маңындағы Меуат деген жерде пайда болды. Оның негізін қалаушы – Үндістанның Кандахла ауылында дүниеге келген Мухаммед Илияс.
«ТАБЛИҒИ ЖАМАҒАТ» ДЭҰ-НЫҢ БАСТЫ КЕМШІЛІКТЕРІ»
Отбасына байланысты.
Олардың кейбірі ұзақ уақыт бойы отбасыларының тұрмыс-тіршілігінен хабарсыз түзде жүреді. Бала-шағасына қарауды дүние істерімен шұғылдану деп санайтындары да жоқ емес. Бұл – қате түсінік. Өйткені ислам дінінің «Жақындарың мен туыстарыңа ескерт» деген негізгі ұстанымына керағар. Үйін, бала-шағасын айына немесе жылына бірнеше рет қараусыз тастап кету – Исламға қайшы. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.): «Өз денеңнің ақысын, отбасыңның ақысын және Раббыңның алдындағы міндетіңді өтеп, әрбір ақы иесінің ақысын бер», – деген өсиетін жадынан шығармауы тиіс.
Дін жаю үшін жолға шығу мәселесі.
Олар, мұсылман жастарға: «Сендер дағуатшысыңдар, адамдарға ненің адал, ненің арам екенін ажыратып берушісіңдер, адамдардың исламға келіп-келмеуіне де жауаптысыңдар» деп үйретеді.
Бірақ, дінді түсіндіру кез келген адамның қолынан келе беретін оңай шаруа емес. Жұртты имандылыққа, мұсылмандыққа шақыру үшін ең алдымен діни білім қажет.
Ал, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында діни ілімді таратумен мемлекеттік тіркеуден өткен діни бірлестіктер мен миссионерлер ғана айналыса алады. Бұл топқа жиналғандардың кеше ғана діннен бейхабар болып жүріп, бүгін адамдарға уағыз айтуы, тіпті кей мәселелер жөнінде үкім берулері, әлбетте, қауіпті болып табылады. Сондықтан, төмен діни сауатпен жұртқа дін жаю дұрыс емес. Бұл жамағаттың өкілдері ең басты мақсатымыз кәлиманы, яғни «Лә иләһә иллаллаһты» айтқызу дейді де, мұсылманның мұсылмандығын айқын-дайтын терең мәнді осы сөздің мазмұнына емес, айтылуына ғана көп мән береді.
Құран кәрімде: «Адамдарды Раббыңның жолына даналық және көркем үгіт арқылы шақыр» («Нахл» сүресі, 125-аят), – делінген.
Олар жергілікті мешіттерге адамдарды ертіп әкеліп, имамға емес, өздеріне құлақ асыруға тырысады.
Негізінен, мешітке келушілер мазалаған сұрақтарын имамнан сұрауы керек. Өйткені, мұның жауапкершілігін имам көтереді. Ал, әр жақтан жиналған бұл жамағаттың мүшелері қойылған сұраққа толыққанды жауап бере алмауы немесе қате, үстірт жауап беруі әбден мүмкін. Сондықтан, мешіт жамағатын имамға емес, өздеріне қаратып алуға тырысулары дұрыс емес.
Пәкістан тұрғындарының үлгісімен киінуі жұртқа ерсі көрінеді.
Тіпті, олардың арасында өзі алқам-салқам, кір-қожалақ киініп, бірақ тазалық пен пәктікті насихаттауы Исламға кір келтіретіні де жасырын емес. Оларды көргендер мұсылман болу, намаз оқу осылай киінуді талап етеді екен деп топшылаулары мүмкін. Ал шындығында Ислам дәл сол үлгіде киінуді талап етпейді.
Міне, осы атап өтілген дәлелдердің өзі таблиғи жамағатының ұстанымы мен олардың амал-әрекеттерінде шариғатқа сай келмейтін көптеген олқылықтар бар екендігін көрсетеді. Сондықтан, олардан аулақ жүру – адасудан аулақ болу деп тұжырымдауға болады.
Ақпарат көзі: Нурлан Ташим-Теги