Қызылорда. 7 маусым. Деструктивті діни ағымдардың және діни экстремизмнің алдын алу мақсатында облыстағы кент және ауылдық округ әкімдерінің маңызы ерекше. Сондықтан жыл сайын Дін мәселелерін зерттеу орталығының ұйымдастыруымен жергілікті органдардың аймақта діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған шараларын жетілдіру мақсатында оқыту семинары өтеді.
Бұл жұмыс биыл да өз жалғасын тауып, облыстық ішкі саясат басқармасының және дін мәселелерін зерттеу орталығының мамандары қалаға қарасты 2 кент пен 7 ауылдық округі әкімдеріне семинар өткізді.
Семинарда дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Бақытжан Камалов әкімдерге мемлекеттік дін саясатының негізгі бағыттары мен ұстанымдары жайлы айтып, оларға деструктивті діни ағым мүшелерін анықтау алгоритмі жайлы түсіндірді.
Ал Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Ерсұлтан Есов әкімдер өз аумақтарындағы діни ахуалды жіті қадағалап отыру қажеттігін жеткізді. «Қазақстан бойынша бүгінгі таңда 9 медресе бар. Аумақтарыңыздағы жастар діни білім алуға ниеттенсе, сіздер оған бей-жай қарамаңыздар. Шетелде діни білім аламын деген жастар болса олардың Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының келісімін алғаны жөн. Сондай-ақ кент, ауылдарда діни мазмұндағы кітаптар мен басқа да діни материалдарды сату немес таратуға жол бермеңіздер», — деді бөлім басшысы.
Дін мәселелерін зерттеу орталығының бөлім басшысы Жеңісбек Дәрібаев жиында жат ағым өкілдерімен жүргізілетін оңалту жұмыстары туралы тарқатып айтты.
Жиын соңында әкімдер мамандарға сауалдар қойып, айтылған мәселелерді шешу жолдарын бірге талқыласты.