Жосалы. 13 маусым. Бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – діни экстремизм. Бұл құбылыс жастардың рухани дүниесін жарымжан етуімен қатар, қалыпты өмірін басқа арнаға бұрмалауымен қауіпті. Сондықтан бұл теріс ағымның қатарында жастардың бой көрсетуі кімді де болса алаңдатпай қоймайды. Осы мәселені алдын алу мақсатында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулет пен дінтанушы Жалғасбек Ысқақов, Төретам кенті мен Ақай ауылының жұртшылығымен кездесті. Жиынға Ақай ауылының әкімі Г.Омарова, бас маманы Д.Тәжімбай, Ақай ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Қыпшақбаев, Төретам кентінің әкімі Ш.Сүйімбетов, жетекші маманы Р.Әбдреев, Төретам кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Н.Арықов пен ауылдың бір топ жасы қатысты. Мұндай кездесудің мақсаты – діни экстремизмге қарсы иммунитет қалыптастыру.
– Бұл қасіретпен күресті біржақты және кең ауқымды шешудің жолы әзірше табыла қойған жоқ. Күш-жігерді өрістете түсумен қатар халық болып, ел болып күрессек қана бетін қайтарамыз. Террористік актілерді ұйымдастырушылар әлеуметтік желіні қолдана отырып, лаңкестік әрекет жасауға үгіттеуде. Жат ағым насихаттаушылары жайында мәлімет беріп, жастарымыздың рухани дүниелерін қажетті құндылықтармен сусындатып, оларға еріп радикалданудан сақтауда қолда бар мүмкіндігімізді дұрыс пайдалансақ, бұл дерт те сейілер еді, – дейді дінтанушы Ж.Ысқақов.
Теолог маманның айтуынша, тура жолдан тайып, жат ағымның етегінен ұстаған жастардың бармақ тістеп қалғаны да жетерлік. Расымен де, дінін білмеген бала «дымды» білмейді. Адам жанының әлсіздігі – рухани құлдырауға апармақ.