Тараз. 15 маусым. Соңғы кездері қалың қауым халықтың арасында дін мен дәстүр өзекті мәселе болып отырғаны мәлім. Шынында да, осы бір қасиетті ұғымдардың аражігін ажыратып, бөле-жара қарауға бола ма, әлде олар бір-бірімен астасып, үндесіп кеткен түсініктер ме? Бұл туралы Тараз қаласы әкімдігінің қаржы бөлімінің басшысы, діни экстремизм мен терроризмнің көріністерін алдын алуға және болдырмауға бағытталған №8 мобилдік топтың жетекшісі Ж.Пәрімбеков мән – жайын айтып берді, – деп хабарлайды “Zhambylnews” AA.
Дін де, дәстүр де қоғамды біріктіруші рухани бастаулар болып табылады. Сондықтан қоғамдық санада дін қағидаттары мен салт-дәстүрлерімізде қайшылық болмауы қажет.
“Біздің салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз ислам дініндегі құндылықтармен синкреттелген, біте қайнасып, сабақтасып кеткен. Кез келген мәдениетіміздегі құндылықты, салт-дәстүрді алып қарасақ діннен негізін табамыз. Қарапайым халық олардың діндегі сүннет, мұстахат, уәджіп екенін білмеуі мүмкін. Бірақ, ол діндегі негізгі құндылықтардың бірі. Ал, дәстүрдің анықтамасына тоқтала кетсек, «салт-дәстүр – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі тұрғызған мінез-құлықтың үлгілері, күнделікті қолданыста бір мәдени топты екіншісінен айыратын және бейресми жолмен реттейтін қабылданған мінез-құлық ережесіне немесе әлеуметтік әрекеттерді жөнге келтіретін термин”.
Ол қоғам мен халықта қалыптасқан мінез-құлқының, іс-әрекетінің рухани негізі. Уақыт өткен сайын салтқа өзгеріс еніп, қоғамға бейімделіп келеді. Дәстүр мәдениетпен тығыз байланысты, сондықтан мәдениеті дамыған ел дәстүрге де бай. Ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, адалдық, әділеттілік, мейірімділік сезімдері озық дәстүрлерге жатады.
Салт-дәстүрдің тәрбиелік маңызы ерекше. Мысалы, қазақ халқының дәстүрлі әдеп-ғұрыптарының бірі –«Жол беру». Жасы кіші адам үлкенге бөгет жасамай, жол босатады, үй ішінде төрге отырғызады, астан дәм татар кезде де осы әдеп сақталады. Батыс елдеріне іс-сапарда болғанымда, қазақ жерінде қонақта болған шетелдік азаматтар осы әдеп-ғұрпымызға ерекше тоқталып, сондай қызыға, таңғала қарағанына бірнеше рет куә болдым. Ол жақтағы үрдіс белгілі – «Кто первым пришел – того и место».
Қазақтың әдеп ғұрыптарында мейірімділік пен қамқорлыққа толы, мысалы, «Ерулік беру», ауылға басқа жақтан бір үй көшіп келсе, көрші қолаң немесе жақындары жаңа үйге «ерулік» деп ас пісіреді, табақ тартып, қонақасы береді. Осылайша қазақтар танысын, танымасын бір-бірін бөтенсінбей, өз ортасына тарта білген.
Сол сияқты, «Жылу жинау» бір бақытсыздыққа ұшырағанында, үй мүлкі, малынан айырылғанда ауыл тұрғындары, көрші-қолаңы, туған туыстары мал, дүние, ақшалай көмек көрсетеді.
«Асар жасау», үй салу, егін ору, шөп шабу тәрізді қауырт жұмыстарды көптің күш-қайратымен, көмегімен тез атқару үшін үй иесінің ауылдастарын, туған-туыстарын шақырып, бірлесе қимылдауын асар жасау деп атайды. Үй иесі жәрдемдесуге келгендерге тамақ дайындап, сый құрметін көрсетеді. Асарға келгендер атқарған жұмысына, көмегіне ақы алмайды. Балалық шақта көктем мезгілінде бір көшенің балалары ауладағы бақша қазу жұмыстарын кезек кезегімен жұмыла бірге атқарып, асарлап атқарғанымыз әлі көз алдымда.
Халқымыздың тәрбиелік құралдарының күнделікті қолданылатын үлгі, өнеге түрлерінің бірі – тыйым. Қазақта «қызға қырық үйден тыйым» деп аталатын тәрбие бар. Мағынасы: қыз балаларға, іс-қимыл, жүріс-тұрыс дағдысы, қыз намысы туралы жан-жақты мағлұмат беру арқылы қыз балалардың бойына рухани – адамгершілік, әдептілік, сыпайылық, имандылық, тазалық қасиеттерді дамыту. Сондай ақ «қыз елдің көркі» деген мақал бар, яғни қыз бала тәрбиесіне тек ата-анасы жауапты емес, бүкіл ауыл, ел жауапты болып отыр.
Жастарға тәрбие беруде дәстүрдің озығы мен тозығы бар демекші заман талабына сай озық тұстарын ұтымды пайдалану керек.
Қазіргі өскелең ұрпақтын көбі «Жігіттің құны жүз жылқы, ары мың жылқы», деген мақалдың мән-мағынасын біле бермейді. Сондай – ақ, халықта “Ер жігіт елінің ұлы, намысының құлы», «Малыңа сүйенбе, арыңа сүйен», «Ерді намыс өлтірер, қоянды қамыс өлтірер» секілді мақалдары кең тараған. Яғни, ер азамат намысты, арлы болу керек деп, аталарымыз ұрпақтарына өсиет еткен. Қазақтың ар мен намыс туын биік ұстаудың нәтижесінде бабаларымыз өз елін, кең даласын сақтай білді. Тұтастығы бұзылған жоқ, туы жығылған жоқ.
Ислам ғұламалары да ар мен иман, намыс жайлы көптеген ғибраттар қалдырған. «Кім маған тілі мен ар-намысын (ұятын) қорғау жайында уәде беретін болса, мен оған жәннатты уәде етемін» деген хадистен осыны байқауға болады. (Бухари, Риқақ 23)
Ибн Аббастан жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.ғ.с): «Әрбір діннің өзіне тән мінезі бар, Исламның мінезі – ұяттылық», – деген. Міне, исламдағы ар мен ұят ұлтымыздың нақылдарымен өзара ұштасып жатыр.
Өкінішке орай, кейінгі кезде жастарымыз тек ислам жолымен, шариғат бойынша жүреміз деп, кейбір салт-дәстүрімізді шариғатта жоқ деген пікірлер айта бастады. Осыдан кейін, біздің қоғамымызда дәстүрге қарсылық туды. Біздің аруаққа сену секілді әр түрлі ұғымдарымызды ислам дінінде жоқ деп шықты. Қыздардың да киім кию формалары, қазақ жігіттерінің сыртқы көріністері өзгере бастады. Сондықтан, біз қазақ елі болғандықтан, өзіміздің ұлттық болмысымызды қалай сақтап қаламыз деген үлкен сұрақ туындайды. Тек қана біздің қазақ қоғамында ғана емес, барлық әлемдік жаһандану заманында халықтардың дәстүрі өзгеріп, кейбір ұлттар жоғалып жатыр.
Дін мен дәстүр – қашанда бір-бірімен сабақтас ұғым. Дәстүрсіз жалаң исламның өзін ұстанған ұлт болады деу өте қате.
Дін мен дәстүрді айыруға болмайды. Олар біртұтас құбылыс. Дін дәстүрдің ішкі мәні-мағынасы болса, дәстүр оның сыртқы келбеті. Мәнсіз, мағынасыз дәстүр болмайтыны белгілі. Және де Елбасы: «Бабаларымыз ұстанған жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін ислам дінін қадірлей отырып, ата-дәстүрін ардақтағаны абзал», – деді.
Алдағы кезеңдерде, жаһандану жағдайында қазақтың болмысын дін мен дәстүрдің сабақтастығы арқылы ғана сақтап қаламыз. Сондықтан, біз дінді айтқанда дәстүрді, дәстүр дегенде дінді айтамыз, екеуін бөліп ажырата алмаймыз.
Осыған байланысты, біз ұлттық дәстүріміздің дінге қайшы келмейтіндігін, үндестігін көрсетуіміз керек. Сөйтіп, бір жағынан ислам дінін ұстау болса, екінші жағынан ұлттық құндылықтарымызды сақтау, жоғалтпау мәселесі қазір көкейкесті болып отыр. Бұл кейбір біржақты діни ағымдарға тосқауыл қойылудың бір жолы деп есептеймін.