Жетісай, 22 маусым. Мақтарал ауданы, Мырзакент кентінде орналасқан орталық Абдул-Әкім мешітінде құптан намазында мешітке келуші жамағатпен дін мәселелерін зерттеу орталығының Мақтарал аудандық маманы Даурен Аманов кездесу өткізді. Кездесу кезінде теріс діни ағымдардың жетегінде кетпеу үшін қандай жағдайлардан сақтану жайы әңгіме болды. Бізге көрші мемлекеттерде әр түрлі экстремистік және террористік ұйымдар пайда болып, мемлекеттердің тұтастығына, қауіпсіздігіне тікелей нұқсан келтіруде. Бұл мәселе бүкіл әлемге ортақ індет болғандықтан және ҚР ұлттық қауіпсіздігі мен ішкі саяси тұрақтылығы үшін күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналуда. Кездесуде Ханафи мазһабы мен халқымыздың дәстүрлері туралы, олардың бір-бірімен ұштасып жатқаны сабақтастығы жайында айтылды.
Қазіргі кезде елімізде дін саласына қатысы бар мемлекеттік органдардың жұмыстары жүйелі деңгейде жолға қойылған. Яғни, осыған қажетті инфрақұрылым мен құқықтық базаның негізі қаланды. Атап айтар болсақ, 2011 жылғы мамыр айында Дін істері агенттігі құрылып, сол жылдың қазан айында «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Бұл елімізде зайырлылық ұстаным жоғары бағаланатыны, экстремистік идеялар құпталмайтынын білдіреді.
Жиын соңында дін мәселелерін зерттеу орталығының мамандары тарапынан шығарылған Бала тәрбиесі және діни бүліктер кітабы таратылды. Жамағат көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып тиісті нақты жауаптар алды
Ақпарат көзі: RG media