АСТАНА, 28 қазан. Қазір көптеген азамат жат діни ағымға материалдық жағдайын түзету мақсатында, яғни мемлекет тарапынан тегін көмек алу үшін әдейі кіреді. Оны болдырмау үшін радикалдардан көмектің қарымтасын алып отыру керек. Бұл туралы 25 қазан күні өткен ҚР қоғамдық даму министрлігі қоғамдық келісім комитетінің ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы конференция барысында айтты, деп хабарлайды Sputnik тілшісі.
Орталық директоры теріс ағымға кірген азаматтарға қандай жеңілдіктер жасалып отырғанын айтып өтті.
«Мектептерде «Жол» науқаны негізінде жат ағымда жүрген азаматтардың балаларына тегін киім-кешек таратылады. Жұмысқа тарту және әйелдерге арналған әртүрлі тегін курс ұйымдастырылады. Яғни қоғамға қосуға бағытталған түрлі шара ұйымдастырылып, тегін медициналық көмек көрсетіледі. Тіпті, кей жағдайда белгілі бір тіркеуден оңай өткізіп, балаларын балабақшаға орналастыруға көмек көрсетіледі. Теріс ағымға түсіп сотталған азаматтардың әйелдерімен жұмыс істеп отырған мамандар мұны жақсы біледі», — деді маман Астана қаласында «Жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеудегі және радикалды діни идеологияға қарсы иммунитет қалыптастырудағы әйелдер ұйымдарының рөлі» атты конференция барысында.
Әрі қарай ол бұл шаралардың қайтарымы болуы керектігін айтып өтті. Яғни теріс діни ағымға кірген азаматтардан осы тегін көмек пен жеңілдіктерді пайдаланғаны үшін қарымтасын алып отыру қажет. Себебі, кей азамат мұны теріс мақсатта пайдаланып, радикалды діндегілер арасында насихаттап жүр.
«Бірақ жоғарыда атап өткен шараларды тартына жүргізуге тура келеді. Олардың тарапынан қандай да бір қарымта болуы керек деген шартты заңдастырып қою керек сияқты. Өйткені соңғы кездері радикал өкілдерінің тарапынан «Көрдіңіздер ме? Мемлекеттің өзі бізге бар жағдайды жасап отыр. Құдайдың құдіретімен мемлекет бізге қызмет етуде» деген астамшылық пікірлер айтылып жүр. Бұдан өзге кейбір азаматтар «Дәстүрлі емес дінге өтіп кетсең, жақсы екен. Себебі мемлекет бар жағдайыңды жасап береді» деген ойда жүр», — деді Айнұр Әбдірәсілқызы.
Мұнымен қатар, маман бүгінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының екі бағытта жүргізіліп отырғанын айтып өтті. Біріншісі — экстремизм мен терроризм профилактикасы, яғни алдын алу шаралары. Екіншісі — радикалдардың ықпалына түскен әр әйелмен нақты жұмыс жүргізу. Мұндайда әр әйел тұлға болғандықтан, олардың әрқайсысына жеке шара тағайындалады.