АСТАНА, 25 ақпан. Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Вьетнамда өткен конференцияда Азия-Тынық мұхиты аймағы елдеріне шетелдік террористер, оның ішінде Сирия мен Иракта соғысқандар туралы деректер банкіне қосылуды ұсынды, деп хабарлайды Islam News.
Аталмыш банк Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметіне қарайды. Министрдің сөзінше, деректер банкіне қосылу арқылы мемлекеттер «күдікті тұлғалардың» трансшекаралық көшіп-қонуын тиімді бақылайтын болады.
Алдын ала болжам бойынша бұл қадам мемлекеттерге содырлардың Азия-Тынық мұхиты елдеріне кедергісіз еніп кетуінің алдын алуға мүмкіндік бермек. РФ СІМ басшысы Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша әріптестер ұсынысты жылы қабылдағанын айтады. Азия-Тынық мұхиты аймағы құрамына Тынық мұхиты және оның аралдарын қоса алғандағы территорияда орналасқан 58 ел енеді.