АСТАНА, 25 ақпан. СҚО Полиция департаментінің экстремизмге қарсы күрес басқармасы өңірдегі деструктивті діни ағымдармен күрес жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өңірдің полиция қызметкерлері діни заңнама саласындағы заңбұзушылыққа жол бермеу бойынша бірқатар шара қабылдады. Сонымен бірге, облыс тұрғындарын деструктивті діни ағымдардан қорғау бойынша алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Әртүрлі діни ағымдар тыйымға байланысты өз жұмысын аса сақтықпен жүргізетіні белгілі. Қазіргі уақытта бұл бағытта теріс пиғылдылар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді өз құралына айналдырып алған» делінген департамент хабарламасында.
СҚО Полиция департаменті әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге мониторинг жүргізе отырып, деструктивті діни ағымды ұстанған 6 адамның әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлайды. Сот қаулысымен олардың әрқайсысына 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған.
«Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті интернет-ресурстарды қолданушыларға сақ болуды шақырады. Полиция қызметкерлері күдікті адамдармен танысуда, интернет арқылы діни кітаптарды сатуда, әртүрлі сипаттағы топтарға кіруде абай болуды ескертеді» делінген департамент хабарламасында.