Ақтөбе, 28 ақпан. Ақтөбе қалалық сотының судьясы Теміржан Алданов «терроризмді насихаттағаны» үшін айыпты деп таныған Қуанышбек Жайлаубаевты сегіз жылға, Азамат Баймурзинді жеті жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті, деп хабарлайды Азаттық Радиосы.
Жайлаубаев жазасын қатаң режимдегі, ал Баймурзин жалпы режимдегі колонияда өтейтін болды. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ. Сотталушылар үкімге 15 күн ішінде апелляциялық шағым бере алады. Тергеу материалдарында 30 жастағы Азамат Баймурзиннің «егер еліміз таулы аймақта орналасқанда қазақстандықтардың 70 пайызы моджахед болар еді, шариғат заңы бойынша өмір сүрер еді» деген сөзі айыбына дәлел ретінде келтірілген.
Сот процесі кезінде Азамат Баймурзин «моджахед» туралы айтқанын «жай сөз» деп, өзгелерді қарулы қақтығыс пен жамандыққа шақыру ойы болмағанын мәлімдеді. Тергеу материалдарында Баймурзиннің діни ортада «Юсуп» деген лақап атпен танымал екені айтылған. Ол өзіне тағылған айыпты ішінара мойындады. 27 жастағы Қуанышбек Жайлаубаев та өзіне тағылған айыпты ішінара мойындады.
Ол 2014 жылы «терроризмді насихаттады» деген айыппен сотталып, жазасын өтеп шыққан. Қуанышбек Жайлаубаев пен Азамат Баймурзин 2018 жылы 5 қыркүйекте тергеу изоляторына қамалған. Прокурордың айтуынша, сотталушылар жұмыс орнында «бірнеше адамның ой-санасын өзгертуге тырысқан» және «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымының идеяларын насихаттаған. Айыпталушылар жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен құрылыс нысандарын күзеткен.
Судья Теміржан Алданов сотталушылардың әрқайсын жәбірленушілер қорына 48100 теңгеден өтемақы төлеуге міндеттеді.