АСТАНА, 11 наурыз. Шекарашылар «Қордай авто» өткізу бөлімшесінде Қазақстанға есірткі алып өтпек болған тасымалдаушы мен тапсырыс берушіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҚР ҰҚК Шекара қызметі «Оңтүстік» өңірлік басқармасының Қордай шекара отрядының «Қордай авто» өткізу бөлімшесінде 7 наурыз күні есірткі іздеуге арнайы үйретілген қызметтік ит көрші елден Қазақстанға қарай жаяу өтіп келе жатқан әйел адамды ұстауға көмектесті. Ол 1980 жылы туған Қырғыз Республикасының тұрғыны екені анықталды. Аталған әйел есту қабілеті нашар мүмкіндігі шектеулі жан ретінде тіркелген. Жеке тексеру барысында оның беліне тағам пленкасына оралған 4 полиэтилен пакеті табылды», — делінген ҚР ҰҚК Шекара қызметі баспасөз қызметінің мәліметінде.
Белгілі болғандай, шекарашылардың қызметтік итін шатастыру үшін полиэтилен пакет пен тағам пленкасының арасына қызыл бұрыш себіліпті. Пакеттерден шыққан 4 келіден астам жасыл түсті, өткір иісті қатты зат сараптама қорытындысы бойынша канабис есірткісі екенін анықталды.
«Шекарашылардың жедел іс-қимылының нәтижесінде мүгедек әйелге 20 000 қырғыз сомын төлеуге уәде ете отырып есірткіні діттеген жерге жеткізуге «тапсырма» берген адам да ұсталды. 1962 жылғы қазақстандық есірткі тасымалдаушыны алыстан бақылап жүріпті. Ұсталғандар айғақты затымен бірге Қордай аудандық полиция бөліміне тапсырылды», — делінген Шекара қызметінің хабарламасында