НҰР-СҰЛТАН, 03 мамыр. Есірткіні тонналап тәркілеп, алқаптарды өртегенмен, апиынды түбегейлі құртып жіберу мүмкін емес. Бастысы оны қаржыландырып отырған ұйымдардың қалтасын қағу керек. Сонда ғана ғасыр дертіне айналған көлеңкелі бизнестің тамырына балта шабуға болады. Бұл туралы Ташкентте өткен есірткіні бақылау саласындағы өңірлік ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумның мүше мемлекеттерінің 11-шолу кездесуінде айтылды,деп Хабар 24 агенттігі хабарлайды.
Сарапшылардың келтірген мәліметіне жүгінсек, соңғы жылдары есірткі мен психитропты заттардың түрі жүзге жуықтаған. Тіпті сананы улайтын заттың сұйық сусынды шырын түрі де шығарыла бастапты. Оған қоса, есірткіге тәуелді болып қалған азаматтардың қарасы да артпаса, кемімей отыр екен. Орталық Азия халқының 50 пайызын жастар құрайды. Сондықтан өскелең ұрпақтың арасындағы үгіт-насихат жұмыстарын күшейту қерек дейді мамандар. Ал Ауғанстаннан шыққан апиын ТМД елдері аумағы мен Ресей, арысы теңіз асқан. Сондықтан індетпен күрестің жаңа әдістерін қолдану керек дейді сарапшылар. Бұл ретте Қазақстандағы «Орталық Азия аймақтық ақпараттық үйлестіру орталығының» жұмысы жоғары бағаланды. Халықаралық талаптарына сай Қазақстан есірткімен күресте Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы және Мемлекеттік «Денсаулық» бағдарламасын қарқынды жүргізіп отыр. Сондықтан шекара мен транзит жолдардағы апиынмен күресте ұлы дала елінің бастамасы мен аймақтық ақпараттық орталығының жұмысы өзгеге үлгі, дейді халықаралық сарапшылар.
«Менің көзқарасым бойынша «Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы» /ЦАРИКЦ/ жобасы заңсыз есірткі саудасымен күресте маңызды халықаралық жұмыс алаңы болып есептеледі. Бұл ретте алға қарай жылжу үшін ұйым мүшелерінің ауқымын кеңейту қажет. Біз жуық арада ұйымға қазіргі құрамдағы 7 мемлекеттен басқа да елдер қосылады деген ойдамыз. Ең кемі бұған Түркия мен Ауғанстан мүше болады, деп жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде аталмыш Ұйым Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармамен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр«, — деді ҚР сырты істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Станислав Василенко.
«Егер мәселеге шынайы көзбен қарайтын болсақ, заңсыз есірткі саудасы болсын, кез келген ұйымдасқан қылмыстың соңғы көздегені табыс табу болып саналады. Сондықтан бұл жерде қаржылық және басқа да мәселелер жатыр. Топты ұстап, есірткілерді тонналап тәркілейді. Дегенмен қаржы қылмыстық топтың қалтасында қалады. Бұл жерде күресті ақырына дейін жеткізу керек. Яғни заңсыз есірткі мен басқа да мақсатқа бағытталған қаржыны тыю керек. Қылмыскер қалтасын қағу арқылы тосқауыл қоюға болады«,- деп мәлімдеді БҰҰ есірткі және қылмыс жөніндегі басқарма өкілі Тофик Муршудлу.