НҰР-СҰЛТАН, 16 мамыр. Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сол алқасының төрағасы Абай Рахметулин Біріккен Ұлттар Ұйымының терроризммен күрес жағдайында адам құқықтарын қорғау мәселесі бойынша арнайы баяндамашысы Фионнуал Ни Аолаинмен кездесті, деп Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі хабарлайды.
А. Рахметулин өз сөзінде республикамыздың БҰҰ институттарымен өзара байланысы деңгейінің жоғары екенін атап өтті. «Қазіргі уақытта Қазақстан адам құқықтары саласындағы 60-тан астам көпжақтылы халықаралық шарттардың толық мүшесі болып табылады. Соңғы жылдарда БҰҰ-ның 11 арнайы баяндамашысы біздің елімізде болды. Олардың бірқатарымен Жоғарғы Сотта кездесулер өткізілді. Кездесулердің нәтижелері бойынша біздің үкіметіміз ұсыныстарды іске асыру жөніндегі ынтымақтастықтарды жалғастыруда. Осы механизмнің өзі адам құқықтары саласындағы практика мен заңнаманы талқылауға және оларды одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді», — деді ол.
Алқа төрағасы Ф. Аолаин ханымды Жоғарғы Сотта жүргізіліп жатқан істер санаттары бойынша қалыптасқан сот практикасы туралы хабардар етті. Қолданыстағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге мүмкіндік беретін тергеу-сот практикасын қорыту туралы да сөз болды. Сонымен қатар, соңғы 2 жылдың ішінде соттарға түсетін осындай істердің саны азайғаны байқалуда.
Ф. Аолаин өз кезегінде Қазақстанның құқық қорғау қызметіне оң баға берді. Сонымен қатар ол қауіпсіздіктің өңірлік және жаһандық көкейкесті мәселелерін шешуге республиканың елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті.
Кездесуге қатысушылар терроризмге байланысты қауіпке қарсы іс-қимыл және оның алдын алу мәселелері бойынша бірлескен кешенді әрі жүйелі іс-шараларды жүзеге асыруға мүдделілік танытты.
Екі тараптың өкілдері Қазақстан мен халықаралық ұйымның бірлескен күш-жігері террорлық қауіптің таралмауына және өңірде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.