ПЕТРОПАВЛ, 16 мамыр. Петропавлда есірткі сайттарын жарнамалаған жазбалармен күресу үшін «Street art есірткіге қарсы» акциясы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
СҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, тәртіп сақшылары Петропавлдағы үй қабырғаларында есірткі сайттарын жарнамалаған жазбалармен күресу үшін тұрғындарға тамаша сыйлық жасап отыр. Олар стрит арт бағытында сурет салатын танымал суретшіні қажетті құралдармен қамтамасыз етті. Ал суретші өз кезегінде ұсқыны кеткен қабырғаға жан берді.
Нұрсұлтан Назарбаев көшесіндегі екі көпқабатты үйді қосып тұрған арка «Дарын» мектеп-лицейінің жанында орналасқан. Бұл жерден күн сайын жүздеген бала өтеді. Анадайдан менмұндалаған есірткі сататын сайттардың жарнамасы әдемі гүлдермен, көгершіндердің бейнесімен жабылды.
«Екі күн бойы тоқтаусыз жұмыс істедім. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қолдап, маған осындай мүмкіндік берді. Салған суретім өзіме ғана емес, тұрғындарға да ұнайды деп сенемін», — дейді Станислав Алерт.
«Стрит-арт есірткіге қарсы» акциясы — полицейлердің, СҚО әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері басқармасының және Жастар ресурстық орталығының ортақ бастамасы. Оған алғашқылардың бірі болып Петропавлдағы «Дарын» және № 42-ші мектептің жоғары сынып оқушылары қатысты.
Қауіпті жазуларды тұрғындардың өз бетінше бояуға мүмкіндігі бар.
«Синтетикалық есірткіні жарнамалайтын сайттардың граффити-жазбаларының дер кезінде боялуын пәтер иелері кооперативі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметі мен тәртіп сақшылары бақылауда ұстағанына қарамастан, бұл біздің қала үшін өзекті мәселе болып отыр. «Street art есірткіге қарсы!» жазуын жазып, шағын логотипімізді бейнеледік. Біз барлық жас дарындарды осы акцияға қатысуға шақырамыз. Есірткіге «жоқ» деп, түрлі суреттермен қаламызды безендірейік», — дейді СҚО ІІД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Иван Терзиди.