ӨСКЕМЕН, 16 мамыр. Облыстық дін істері басқармасы «Экстремизімге жол жоқ» деп аталатын акция бастады.Бұл туралы Altay News жазды.
Айтулы шараның негізгі мақсаты – жастардың діни түсінігін қалыптастырып, қоғамдағы іс-шараларға елсене араластыру екені белгілі. Басқарманың басшысы Ануар Абдулин мырза Жастар жылында жастардың өзіне барынша қолдау көрсетіп, оларға назарды ерекше аудару керектігін тілге тиек етті.
Көздері – от, сөздері жалын шашып тұрған жастардың бойынан болашаққа деген зор талпыныстың нышаны байқалып тұр. Олай деуімізге негіз де бар. Ұйымдастырылған акцияның сахналық қойылымы, әндері мен билеріне жастардың жарқын үндері жан бітіргендей.
Бүгінгі шараның басы-қасынан «Жас Отан» жастар қанатымен қатар «Әкелер мектебі» де табыла білді. Бұл екі ұжымның қанаттасып қатар жүруі жастарды тәрбиелеуде «жұмыла көтерген жүк жеңіл» екендігін дәлелдегендей.
– Жастар жылы аясында жүргізіліп жатқан осынау іс-шара экстремизм мен тераризмге қарсы бағытталған. Игілікті шара бұдан әрі ән, би флешмобтармен шектеліп қалмақ емес. Белсенді жастар адам көп шоғырланған жерлерге барып түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Біз ұлттың тыныштығы – елдің тыныштығы екенін түсінуміз керек. Қауіпсіздігімізді берік қамтамасыз еткеніміз жөн, – деді аталмыш басқарманың бас маманы Қуаныш Тәукебаев.
«Экстремизімге жол жоқ» деген тақырыпен ұйымдастырылған іс-шара концерттік бағдарламамен өрнектеліп отырды. Өнерлі жастар ән айтып, мың бұралған бишілер барын салды. Үлкен залды толтыра жиналған 500-ден астам студент пен мектеп оқушылары бір кісідей флешмоб биледі. Іс-шара соңында ораза тұтқан жастарға естелік сыйлықтар тарту етілді.