НҰР-СҰЛТАН, 25 мамыр. Лион қаласында жарылыс қашықтан басқарылып, жүзеге асырылған. Бұл туралы жергілікті телеарнаның бірі тергеуге сілтеме жасап хабарлады, деп Хабар 24 агенттігі жазды.
Мәліметке қарағанда бомба салынған сөмкеден қашықтан басқарылатын электрондық бөлшектер табылған. Еске сала кетейік, кеше кешкісін Лионның Виктор Гюго көшесінде жарылыс болып, 13 адам жарақат алды. Полиция жарылысты велосипедке мінген жасы 30 шамасындағы ер адам жасағанын мәлімдеді. Оның сөмкені қалай тастап кеткені көшедегі бейнекамераға түсіп қалған. Қазір күдікті іздестіріліп жатыр. Ал еліміздің сыртқы істер министрлігі жарылыстан жапа шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ деп мәлімдеді.