НҰР-СҰЛТАН, 29 мамыр. ҰҚК Қостанай облысы бойынша департаменті каннабистік топқа жататын есірткі заттарының заңсыз айналымын қатысы бар топты ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, 2018 жылғы 19 қарашада салмағы 19 кг 230 гр болатын «марихуана» есірткі затын өткізу кезінде В. Бондуровский ұсталды. Жауап алу барысында ұсталған адам кінәсін мойнына алып, есірткіні А. Чигаркиннен алғанын айтты.
2018 жылғы 20 қарашада А. Чигаркинді анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп, одан сондай-ақ салмағы 3 кг 721 гр. «марихуана» есірткі заты алынды.
Нәтижесінде тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 22 кг 951 гр. болды.
2019 жылғы 6 мамырда Қостанай облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер бойынша сотының үкімімен А. Чигаркин ҚР ҚК 296-бабы 4-б. және 297-бабы 3-б. бойынша кінәлі деп танылып, 13 жылға, В. Бондуровский ҚР ҚК 297-бабы 3-б. бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылды.