НҰР-СҰЛТАН, 03 маусым. Қазақ-қырғыз шекарасының «Қордай» халықаралық өткізу бекетінде БҰҰ-ның Есірткі мен қылмыс бойынша басқармасының (БҰҰ ЕҚБ) Орталық Азиядағы Аймақтық өкілдігі шекаралық өзара әрекет ету кеңсесін ашты. Бұл туралы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кеңсенің ашылу салтанатына ҚР ҰҚК Төрағасының орынбасары — Шекаралық қызмет директоры Дархан Ділманов, БҰҰ ЕҚБ Орталық Азиядағы Аймақтық өкілдігінің өкілі Ашита Миттал, Қырғыз Республикасы Мемлекеттік шекара қызметінің төрағасы Ұларбек Шаршеев, Қазақстан Республикасындағы Жапония Үкіметі саяси бөлімінің басшысы Хидэаки Ямадзуми мен БҰҰ ЕҚБ бағдарламасының халықаралық үйлестірушісі Юсуф Курбонов қатысты.
Шекаралық өзара әрекет ету кеңсесінде шекаралық бақылау мамандарын даярлайтын «оқы сыныбы» бар.
«Қазіргі таңда ҚР ҰҚК Шекара қызметінің БҰҰ ЕҚБ Аймақтық өкілдігімен орнатқан ынтымақтастық деңгейі мемлекеттік шекарада туындаған мәселелерді тиімді реттеуге мүмкіндік береді. Аймақтық өкілдік осындай кеңсені ТМД-ның өзге елдеріне де ашуды көздеуде. Кеңсенің қажетті бағдарламалармен және техникалық құрылғылармен қамтамасыз етілуі, оқу тренингтерінің ұйымдастырылуы, семинарлар мен шекарадағы ақпарат алмасу — шекарадағы заңсыз әрекеттердің жолын уақтылы кесуге мүмкіндік береді», — делінген хабарламада.