НҰР-СҰЛТАН, 05маусым. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Станислав Василенко Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы есірткіге қарсы конференциясының ашылу салтанатына спикер ретінде қатысты. Іс-шарада сондай-ақ БҰҰ Бас Хатшысының орынбасары, БҰҰ Вена бөлімшесінің бас директоры, БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының Атқарушы директоры Юрий Федотов және ЕҚЫҰ Бас хатшысы Томас Гремингер баяндама жасады.Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлайды.
Қазақстанның есірткі, соның ішінде синтетикалық есірткімен күрес саласындағы тұсаукесері іс-шараға қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. 2019 жылғы шілдеде жаңа психоактивті заттардың пайда болуына қарсы іс-қимыл мәселелерінде құқық қорғау органдарының өкілеттіктерін айтарлықтай кеңейтетін, есірткі айналымын мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіруге мүмкіндік беретін Қазақстан Республикасы Заңының күшіне енуі ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, Венада қазақстандық дипломат БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының жауапты қызметкерлерімен экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы кең ауқымды мәселелер бойынша келіссөздер жүргізді.
2019 жылғы наурызда іске қосылған бас бостандығынан айыру орындарында радикалдауды азайту саласындағы кең ауқымды жобаны жүзеге асыру мәселесі жеке қозғалды. Бұл бағдарламаны іске асыруға БҰҰ ЕҚБ 3 млн. АҚШ долларын бөледі. Ол БҰҰ-ның тұтқындармен жұмыс істеу жөніндегі минималды стандарттық ережелеріне (Нельсон Мандела ережесі) сәйкес Қазақстанның пенитенциарлық мекемелеріндегі зорлық-зомбылыққа радикалданудың алдын алу жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға жәрдем көрсетуге арналған.
Сонымен қатар, тараптар Таяу болашақта террористік және экстремистік топтарды тарту және пайдалануға ұшыраған балалар бойынша жобаны іске асыруды талқылады. Бұл бастама «Жусан» арнайы гуманитарлық операцияларды жүргізу аясында аса өзекті. Оның қорытындысы бойынша Қазақстанға 357 бала қақтығыс аймақтарынан қайтарылды.