НҰР-СҰЛТАН, 10 маусым. Еуропадағы Есірткі және оған тәуелділікті зерттеу орталығы жақында жылдық есебін жария етті. Зерттеу нәтижесі таңқаларлық мәліметтерді ортаға салады. Онда есірткі өнімдерінің Еуропаға қандай жолмен кіретінін және оны тұтынатындар туралы мәліметтер көрсетілген.Бұл туралы The Qazaq Times хабарлайды.
Есірткі және оған тәуелділікті зерттеу орталығы мәліметіне қарағанда, Еуропадағы есірткі өнімдерінің басым көбі ЕО елдерінің өзінде өндіріледі. Дегенмен, бұл мәлімет героинға қатысты емес, есірткі өнімдерінің басқа түрлерін қамтиды. ЕО аймағына героин Ауғанстан және бірнеше азиялық елдерден кірсе, кокаин Оңтүстік Америкадан кіреді. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, бұл есірткі өнімдері көбінде Роттердам (Голландия) порты арқылы Еуропа елдеріне кіреді.
Героин мен кокаиннан өзге есірткі өнімдері дерліктей ЕО елдерінің өзінде жасалады. Айталық, синтетикалық есірткі өнімдерін жасайтын лабораториялардың көбі Голландия мен Бельгияда екені мәлім болған. Анықталған мәліметтерге қарағанда, полиция тарабынан жабылған лабораториялардан 6,6 млн таблетка табылған.
Ал, метамфетамин жасаған 300-ге жуық лабораторияның 264-і Чехияда екені мәлім болды. Чехияда тәркіленген есірткі көлемі 6,5 тонна деп көрсетеді есепте. Сондай-ақ, марихуана деп аталатын есірткінің кең тараған бір түрі Еуропа елдеріне Мароккодан жеткізіліп жатқаны анықталған. Мароккода бұл есірткі түрін арнайы өсіріп, сатады дейді зерттеушілер.
Зерттеу орталының көрсеткен мәліметтеріне қарайтын болсақ, 2017 жылы тұтас Еуропада 1,5 шамасында есірткіге қарсы заң бұзушылық тіркелген. Бұл сан 2007 жылғымен салыстырғанда 20 пайызға көп. Ал, 2018 жылы зерттеу орталығы есірткінің опиаттан тартып, стимулятор және каннабиоидке дейінгі 730 түріне зерттеу жүргізген. Нәтижеде бұлардың 50-ге жуық жаңа түрі «қараңғы базарларда» соңғы бірнеше жылда ғана пайда болғаны анықталған. Бұл есірткі түрлерінің жылдан жылға көбейіп, оны өндіру мен өңдеу «техникасының» барған сайын дами түскенін көрсетеді.
Аталған орталық ұсынған мәліметте Еуропаның әлемде есірткіге сұраныс ең жоғары базар екені айтылады. ЕО-ға мүше елдерінде 91 млн адам, яғни тұтас одақтың 27 пайыз халқы өмірінде кемінде бір рет марихуана тұтынған. 18 млн адам кокаин тұтынған. Оның үстіне, қазір технологияның дамуы есірткі саудасына жаңа күш берген. Әлеуметтік желілер арқылы есірткі сату күшейген. Бұл полицияның есірткіге қарсы күресін қиындата түсті. Есірткіден айықтыру орталықтары түрлі жаңа тәсілдерді қолданып жатқанымен, былтырдың өзінде есірткіні шамадан тыс тұтынған 9 мың 500 адам көз жұмған.