ПЕТРОПАВЛ, 13 маусым. Петропавлда Қазақстан Конституциясы көшесі, 15 мекенжайындағы ғимаратқа бомба қойылғандығы жөніндегі хабарлама жалған болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 13 маусымда құқық қорғау органына шаһардың орталығындағы ғимараттардың біріне жарылғыш зат қойылғандығы жөнінде хабарлама түскен. Сағат 14:45-те оқиға орнына барлық шұғыл қызметтер жетіп, ғимарат қоршауға алынды.
Үй-жайды тексеру кезінде жарылғыш зат, сондай-ақ басқа да күдікті заттар анықталмады. Қоғамдық тәртіпті бұзуға жол берілмеді. Аталған факті ҚР ҚК «Терроризм туралы көрінеу жалған хабарлау» 273-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қазіргі уақытта қаскүнемді анықтау бойынша іс-шаралар жүргізілуде.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, СҚО-да былтыр 10 «жалған терроризм» фактісі тіркелген. Барлығы ашылып, тиісті тұлғалар жазаға тартылды.
Айта кету керек, қылмыстың бұл түріне 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.