ПЕТРОПАВЛ, 15 маусым. Шаһарда көпқабатты үйлердің қабырғаларына заңсыз жазылған есірткі сайттарының орнына мамандар түрлі суреттерді бейнелеуді қолға алды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Полицейлер «Стрит арт» акциясы аясында арнайы суретшіні жалдаған. Осылайша қылқалам шеберлері бұл жолы өз баласынан бас тартқан ананың картинасын салды. Қазір шаһарда бұл қозғалыс үлкен қолдау тауып, тіпті пәтер иелері кооперативі төрағалары да тапсырыс бере бастаған. Өйткені аталған мәселе уақыт өткен сайын өзекті болып барады.
«Бүгінгі күні өңірде есірткіге тәуелді 691 адам есепте тұр. Оның 40-ы әйелдер болса, 20-сының балалары бар. Тағы 9-ы кәмілет жасына толмағандар. Сондықтан біз ақылдаса келе осындай сурет салуды жөн санадық. Бұл картинада баласымен отбасынан бас тартқан ананың суреті бейнеленген», — деді облыстық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі басқарма басшысы Жандос Басыбаев.