НҰР-СҰЛТАН, 18 маусым. Қазақстан түрмелерінде лаңкестік пен экстремизм үшін сотталған 600-ге жуық адам жазасын өтеп жатыр. Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің басқарма бастығы Бекболат Шәкіров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанда қылмыстың бұл санатымен сотталған шамамен 600 адам жазасын өтеп жатыр. Өткен жылы біз БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен бірлескен жоспарға қол қойған едік. Аталған жоспарды жүзеге асыру 3 жылға есептеліп отыр. Бұл бірлескен жоспарға Қазақстан, Тунис және Уганда елдері қатысады», — деді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін бас бостандығынан айыру орындарында мақсатты түрде теологиялық үгіт жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар өзінің нәтижесін де беріп отыр.
«Қазірдің өзінде жұмыстың оң нәтижелері байқалып отыр. Сотталғандардың негізгі бөлігі, тіпті басым бөлігі бізге келіп жатыр», — деді Бекболат Шәкіров.
Айта кетейік, елордада БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы мен ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің «2018-2021 жылдарға арналған эктремистік және лаңкестік бағыттағы қылмыстар үшін сотталғандармен жұмысты күшейтуге, пенитенциарлық мекемелерде радикалдық зорлық-зомбылықтың алдын алуға қолдау көрсету» бірлескен бағдарламасын жүзеге асыруды үйлестіру кеңесінің бірінші отырысы өтіп жатыр. Шараға ҚР СІМ, , АҚДМ, БҒМ, ҰҚК, Бас прокуратура, Еуропалық одақ өкілдігі, Қазақстандағы Нидерланды корольдігі, Жапония, Германия елшіліктерінің өкілдері қатысуда.