НҰР-СҰЛТАН, 21 маусым. Шығыс Қазақстан облысының есірткімен күрес полициясы есірткі сатқан ерлі-зайыптыларды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Көкнәр-2019» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде екі килограмм кептірілген марихуананы сатып жатқан ерлі-зайыптылар қолға түсті. Күдіктілердің пәтерін іздестіру кезінде алдын ала дайындалған 6 полимер пакеттегі жарты килограмм марихуана тәркіленді. Оны М. атты азаматша сату мақсатымен сақтаған.
Қоспаны әзірлеу кезінде ұсталған Б. деген азаматтың үйінен тағы да 11 кг 875 гр марихуана табылды.
Күдіктілерге ҚР ҚК 297-бабы 1-тармағына сәйкес, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып жатыр.