ТАРАЗ, 23 маусым. Жамбыл облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Жамбыл ауданының Бірлесу-Еңбек ауылында өсірілген 12 түп қарасораның және 1020 түп көкнар апиынының алқабын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тыйым салынған көшеттер «Көкнәр» жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 56 жастағы ауыл тұрғынының ауласынан табылды.
«Күдікті өз кінәсін мойындады, қазіргі уақытта ҚР ҚК 300-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде»,- дейді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова.
Департамент мамандарының айтуынша, есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына, контрабандасына қатысты есірткі бизнесіне қарсы профилактикалық жұмыс өзінің тиімді нәтижесін беруде.