НҰР-СҰЛТАН, 27 маусым. G20 саммитіне Бразилия президенті Жаир Болсонарудың лайнерімен бірге барған әскери ұшақтардың бірінен 39 кг кокаин табылды, деп ВВС сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды
Бразилия қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, есірткі заты саммит өтіп жатқан Осака қаласына бағыт алған ұшақтың Севильге транзиттік қонуы кезінде табылған.
Бразилия және испаниялық БАҚ-тың мәліметінше, 38 жастағы сержант Мануэль Сильва Родригес ұсталды. Ол Бразилияның үш президентін 29 халықаралық сапарларға алып жүрген.
Испан полицейлері «Эль Паис» газетіне Родригестің ұшақтан жүкпен шыққанын айтты. Тексеру кезінде жүк сөмкесінен кокаин салынған 37 түйіншек табылған.
Родригес — президент Болсонаруды саммиттен кері қайтар жолда алып жүруге міндетті ұшақ экипажының мүшесі.
Президент Осакаға барар жолда Лиссабонға қонған басқа лайнермен ұшты. Президент ұшағы жоспардан тыс Севильге қонуға тиіс болды.
Бразилия вице-президенті Амилтон Моуранның мәлімдеуінше, ұсталған сержант кәсіби есірткі тасымалдаушы болып шықты.
«Оның қолында болған есірткі затының көлеміне қарағанда ол оны жай көшеден сатып ала сап, өзімен алып жүрмеген. Ол кәсіби есірткі тасымалдаушы болып тұр», — деді вице-президент.
Жаир Болсонару Твиттерге ұсталған сержантқа қатысты ең ауыр жаза қолданылатындығын жазды. Ол оның әрекетін өрескелдікке балап, қорғаныс министрлігінің тергеу амалдарына қатысуын талап етті.