НҰР-СҰЛТАН, 28 маусым. Кейбір дәрі түрлерін дәрігердің рецептінсіз сатпау туралы талап бұрыннан бар. Алайда оның механизмі дұрыс жұмыс істеп тұрған жоқ, деп 24.kz жазады.
Арнайы ережені толықтыру немесе өзгерту қажет. Денсаулық сақтау министрлігі енді мемлекет тарапынан берілетін дәрі-дәрмек өз алдына, коммерциялық нарықтағы өнімді де бақылауға алатын болды.
Дамыған елдерде дәрі-дәрмек дәрігердің рұхсатымен ғана беріледі. Бұл емнің нәтижелі боларына кепіл. Әрі емдеуші дәрігердің жауапкершілігін көрсетеді. Ал біздің елімізде дәріханаға келген адам өзінің диагнозын айтса болды, фармацевт өз бетінше дәріні бере салады. Дәріханада тұрғандардың көбінің медициналық білімі де жоқ. Бастысы, саудасы қызса болғаны. Дәріханаларда рецепт сұрайтындар аз.
«Рецепт дегеніміз бұл заманауи медицинаның негізі деуге болады. Дәрігер сырқатқа кез-келген дәріні бере салмайды, нақты еміне әсер ететін препаратты жазып береді. Халықтың кез-келген дәріні алып, өзін өзі емдеуіне жол бермеу керек. Рецепт арқылы берілетін дәрінің кері әсерін бақылауда ұстауға болады. Сондай-ақ, дәріге үйреніп кету жағдайларын біліп отыру мүмкіндігі бар. Мысалы, кей дәрілерді жастар еркін сатып алып, жиі қолданады. Ол есірткіге тәуелділікке әкелуі мүмкін», — деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Дәріханалық наркомания мәселесі өзекті болып тұр. Мамандардың айтуынша, психотроптық препараттардың есебін жүргізсе, оның саудасын реттеуге болады. Сондай-ақ, құзырлы мекеме фармацевтерге лицензия беру жүйесіне өзгерістер енгізді. Яғни дәріхана өкілдері өтініш жазған кезде, комитет лицензияға дейін және кейін бақылау жүргізе алады.
«Біз дәріханаларды профилактикалық бақылау шеңберінде және тұтынушының арыз-шағымы бойынша тексере аламыз. Яғни бір жылдық кесте жасасақ, облыста 8 немесе 15 рет тексеру жүргіземіз. Бұл көп емес. Мысалы, егер рецепт бір жыл сақталған болса, сатылған дәрінің нақты сол рецептен берілгенін біле алмаймыз», — деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің комитет төрайымы Людмила Бюрабекова.
Соңғы 6 жылда осы салада құқық бұзған 74 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 11 млн теңге айыппұл салынған. Көп жағдайда дәріні сатқан фармацевт бар кінәні өз мойына алады екен. Ал дәріхана қожайыны жауапкершіліктен құтылып кетеді. Соңында жалдамалы қызметкерге айыппұл салумен іс бітеді. Ал дәріхана жұмысын жалғастырады.
«Допинг» жедел алдын алу шарасы кезінде фармацевтикалық және медициналық тексеру жүргізілді. 70-тен астам дәріхананы, 6 қойма мен 8 емдеу мекемесін тексердік. Нәтижесінде 2 адам жауапкершілікке тартылды. Қазір тек фармацевтер емес, дәріхана қожайындарын да жауапқа тарту мәселесі қаралып жатыр», — деді қалалық полиция департаментінің аға жедел уәкілі Әлия Қибатқызы.
Статистикаға сүйенсек, наркологиялық диспансерде есепте тұрғандардың тек 10 проценті ғана дәстүрлі есірткіні қолданатындар. 25 пайызы дәріге тәуелділер екен. Ал қалған бөлігі синтетикалық заттарды тұтынатындар. Мамандардың айтуынша, дәріге тәуелділер саны жыл сайын өсіп келеді.