НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым. 29 маусым күні БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің көшпелі отырысына қатысушыларға Қазақстанда өткізілген «Жусан» операциясы туралы деректі фильм және Сириядан оралған қазақстандық әйелдердің бірінің бейне-үндеуі көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі мен БҰҰ-ның Терроризмге қарсы басқармасы Нью-Йорк қаласының маңайында ұйымдастырған «Терроризмнен азат әлемге және БҰҰ 2030 жылға дейінгі тұрақты даму күн тәртібіне қол жеткізу үшін дамушы елдердің синергиясы» атты іс-шараға 50 мемлекеттердің 100 астам өкілі қатысты. Көшпелі отырыстың негізгі мақсаты терроризммен ұлттық, өңірлік және жаһандық деңгейде тиімді күресу үшін бірлескен күш-жігерді үйлестіру механизмдерін талқылау болды. Терроризмге қарсы күреске тұрақты дамудың қалай көмектесетіні туралы тәжірибе және нақты ұсыныстармен алмасу өтті», — делінген ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінде.
Қазақстан Республикасының Елшісі Қайрат Омаров Үкіметтің терроризмнің түпкі себептерімен күресуде қабылданған практикалық қадамдары туралы әңгімеледі. Ол қауіпсіздік мәселелері, терроризммен күрес және дамудың өзара тәуелділігін атап өтіп, Қазақстан осы мәселелерді шешуге өз үлесін қосып отырғанын айтты. Осы орайда, Алматыда пилоттық БҰҰ Орталық Азия мен Ауғанстан елдерінің орнықты даму мақсаттары бойынша өңіраралық орталығы құрылды.
БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Терроризмге қарсы басқармасының басшысы Владимир Воронков өз сөзінде Қазақстанға терроризмге қарсы күреске жоғары жақтаушы және бұлжымас басшылығы үшін Қазақстанға алғысын білдірді. Оның айтуынша, Қазақстанның Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу тәртібінің кодексті қабылдау туралы бастамасы — терроризмге қарсы іс-қимылда халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі.
«Кодекстің жаңашыл элементі — әлеуметтік-экономикалық дамуы арқылы осы жаһандық зұлымдықпен күресу үшін ұжымдық әрекеттерді үйлестіру. Қазақстан өздерінің азаматтарын қақтығыс аймағынан эвакуациялаған әлемдегі аздаған мемлекеттердің біріне айналды және оларды қалыпты өмірге қайтару үшін белсенді жұмыс жасауда», — деді СІМ-нен.
Осы отырыс үшін Сириядан «Жусан» операциясы аясында оралған қазақстандық әйелдердің бірі іс-шараға қатысушыларға көрсетілген бейне-үндеуін жазды. 25 жастағы Аида Сарина өзінің Сирияға қалай келгені туралы естеліктерімен бөлісті және террористер арасында өмір сүруінің күрделі жағдайлары туралы әңгімелеп берді. Ол өз еліне оралу мүмкіндігі үшін Қазақстан үкіметіне шынайы алғысын білдірді. «Күйеуім көз жұмғаннан кейін мен тірі қалу үшін күресіп жүрдім… Түнде ұйықтар алдында таңертең балам мен өзім оянамыз ба, жоқ па деп ойлайтынмын. Бізге қақпанға түскендей болдық. Дымқыл жердің үстінде ұйықтайтынбыз. Күн сайын балалар аналарының қолында қаза тауып жатты. Ал олар қалай көмектесерін білмеді», — деді А.Сарина.
«Қазақстаннан құтқарушыларды өз көзіммен көргенде, бізді тастап кетпегендерін түсіндім… Менімен бірге Франциядан, Германиядан және басқа елдерден келген әйелдер болды. Олар бізге өте қызығып қарады, Қазақстан оларды да алып кете ала ма деп сұрауын өтінді. Тым болмағанда балаларын Сириядан алып кетуді өтінді. Сол кезде әйелдерге көмектесе алмадым», — деді ол.
Өз үндеуінде Аида Сарина терроризмге қарсы күрескер болуға дайын екенін мәлімдеді. «Ия, мен терроризмнің құрбанымын. Бірақ қазір терроризмге қарсы күрескер болғым келеді, осы үлкен мақсаттың бір бөлігі болуға және өз үлесімді қосуға дайынмын. Мен терроризмнен зардап шеккен барлық әйелдердің «дауысы» болғым келеді!», — деді қазақстандық әйел.
Сол күні БҰҰ Бас Ассамблеясы «Терроризм құрбандарына көмек көрсетудегі халықаралық ынтымақтастықты кеңейту» атты резолюцияны бірауыздан қабылдады. Бұл құжат барлық мүше мемлекеттерді ұлттық заңнамаға және гендерлік аспектілерге сәйкес терроризм құрбандарына арналған кешенді көмек жоспарларын жасауға шақырады.
Көшпелі отырысқа басты спикерлер ретінде БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің басшысы, Сент-Винсент және Гренадиннің Тұрақты өкілі Инга Ронда Кинг, БҰҰ Бас Ассамблеясының келесі төрағасы, Нигерияның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі Тиджани Мухаммад-Банде, БҰҰ Терроризмге қарсы орталығының және БҰҰ жанындағы Терроризмге қарсы күрес жөніндегі Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер тобының төрағасы, Сауд Арабиясының Тұрақты өкілі Абдалла Аль-Муаллими, Ауғанстан, Мысыр, Өзбекстан және Африка одағының елшілері сөз сөйледі.
Сонымен қатар, іс-шара барысында Инга Ронда Кинг өз елінің атынан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастамашылық еткен Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу тәртібінің кодексіне қол қойды. Сент-Винсент және Гренадиндер қазір енді әлемнің 80-ден астам мемлекеттерден тұратын жаһандық терроризмге қарсы коалицияға қосылды.
Еске салайық, Сириядан қазақстандықтардың алғашқы легі биылғы 6 қаңтарда елге жеткізілген болатын. Құқыққорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шара нәтижесінде 47 азамат, соның ішінде 30 бала Қазақстанға қайтарылды.
7-9 мамыр күндері аталмыш елден Қазақстанның тағы 231 азаматы оралды. Оның 156-сы — балалар, дені мектеп жасына дейінгілер, соның ішінде 18-і — жетім балалар.
«Жусан-2» операциясына қатысты өткен баспасөз мәслихатында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев атап өткендей, Сириядан қайтарылған адамдардың лаңкестік қылмыстарға қатысы барлары жазаға тартылатын болады.
«Лаңкестік іс-қимылдарға және заңсыз жауынгерлік әрекеттерге қатысқандарға тоқталсақ, қылмыстарға қатыстылығы дәлелденген жағдайда, олар ҚР заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл гуманитарлық операция АҚШ-тың қолдауымен жүзеге асырылды, сондай-ақ бұл жобада Сирия демократиялық күштерінің маңызды рөлін атап өткен жөн», — деген еді министрдің орынбасары.
Отанына қайтарылған азаматтардың дені жеке құжаттарын жоғалтып алған.
Ендігіде дерадикализациялау және сауықтыру мәселелеріне ерекше көңіл бөліне отырып, қайтып келген әйелдер мен балаларды бейімдеу әрі қайта әлеуметтендіру жүргізіледі.
Елімізде ресми сапармен болған БҰҰ-ның Адам құқықтарын және іргелі бостандықтарын ілгерілету мен қорғау жөніндегі арнайы баяндамашысы Фионнуала Ни Аолэйн Қазақстанның Сирия мен Ирактағы жанжал аймағынан өз азаматтарын қайтару бастамасын өзге мемлекеттерге үлгі етті.
Биылғы 28-31 мамыр аралығында «Жусан» арнайы гуманитарлық акциясының соңғы кезеңі өтті. Осыған қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме таратты.
«Сириядан отандастарымыздың кезекті тобы оралды. Қазақстанның мемлекеттік құрылымдарының жүйелі жұмыстарының және шетелдік серіктестермен тығыз ықпалдастықтың арқасында қақтығыс аймағынан 171 бала шығарылды. Қазақстанға оралған соң, олар оңалту шараларынан өтіп, барлық қажетті көмек алатын арнайы бейімдеу орталығына орналастырылды.
Жусан» гуманитарлық операциясы — ауқымды акция. Бұл бастаманы Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынды және былтырдан бері жүзеге асырылуда. Кешенді шаралар нәтижесінде қақтығыс аймағынан Отанымызға 357 бала қайтарылды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету «Жусан» операциясының басты мақсаты болды.
«Жусан» гуманитарлық операциясының қорытындылары мемлекетіміздің өте күрделі міндеттерді тиімді шешуге қабілетті екенін көрсетті.
Осы операцияға қатысқан арнайы қызмет өкілдерінің, дипломаттардың, әскерилердің бәріне тапсырылған жауапты миссияны абыроймен орындағаны үшін алғыс білдіремін.
Елге оралған отандастар жаңа өмір бастауға, ал балалар бейбіт өмір сүруге мүмкіндік алды. Біз өз азаматтарымыздың құқықтары мен қауіпсіздігін алдағы уақытта да қорғайтын боламыз», — делінген мәлімдемеде.