НҰР-СҰЛТАН, 03 шілде. Жамбылдық полицейлер марихуана дайындаушы әрі тасымалдаушыны құрықтады, – деп хабарлайды “ZhambylNews” АА облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Көкнар» жедел-алдын алу іс-шарасын жүргізу барысында ағымдағы жылдың 27 маусымында Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Меркі ауданының құмды аймағында 27 жастағы азаматты құрықтады. Ұстау кезінде күдікті жабайы марихуананы орып, жинап жатқан. Жиналған өсімдік көлемінің салмағы 615 келіні құрады.
Қазіргі уақытта күдікті өз кінәсін толық мойындады, ол Меркі ауданының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Сондай-ақ, осы күні Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Шу ауданы Абай ауылының маңында «Mitsubishi Pajero» маркалы автокөлігінің 35 жасар жүргізушісін тоқтатты.
Көлік жүксалғышын тексеру барысында полиция қызметкерлері 15 келіден астам кептірілген марихуананы тапты.
Күдікті кінәсін мойындап, Шу ауданының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Аталған деректер бойынша Қылмыстық кодекстің 296-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.