НҰР-СҰЛТАН, 04 шілде. Тәжікстан мен Өзбекстан Қарулы күштерінің кезекті бірлескен оқу-жаттығулары екі кезеңде өтеді, деп хабарлайды ТаджикТА.
«Тәжік-өзбек әскери жаттығулары тамыз айының ортасында екі елдің аумағында өтеді: Тәжікстанның солтүстігінде және Өзбекстанның Ферған алқабында», — деп Тәжікстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің ақпарат көзі хабарлады.
Бірінші кезеңде екі мемлекеттің сарбаздары мен офицерлері таулы жағдайлардағы халықаралық терроризм күштерімен өзара іс-қимыл мәселелерін пысықтайтын болады, ал екінші кезеңде мұндай өзара іс-қимыл жазықта пысықталатын болады.
Оқу-жаттығуға бронетехника, авиация, артиллерия жұмылдырылады.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 18-22 қыркүйегінде Өзбекстан Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері Тәжікстанның таулы аудандарында шартты террористік топтарды жою бойынша бірлескен оқу-жаттығуларға қатысты.