НҰР-СҰЛТАН, 24 шілде. Биыл қылмыстың осы түрі бойынша 82 іс қозғалыпты.Бұл туралы арнайы баспасөз мәслихатында Нұр-Сұлтан қалалық ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің басшысы Сергей Ильяных хабарлады, деп egemen.kz жазады.
Оның ішінде 50 деректе, құрықталған тұлғалар есірткі саудасымен айналысқаны мәлім болды. Тәртіп сақшылары, әсіресе синтетикалық есірткі заттарының таралуына тоқтау болмай тұрғанын айтады. Мәселен, ағымдағы жылы заңсыз бизнесті кәсіп еткен қылмыстық топтың ісі әшкереленді. Анықталғандай, ұсталғандар саудалаған өнімнің кірісін Qiwi әмиянға аудартып отырған.
«Арнайы операция Қазақстан бойынша жүргізілді. Қылмыскерлердің сыбайластары Шымкент, Алматы және Қарағандыда қолға түсті. Шұғыл операция барысында мыңнан аса психобелсенді заттар, сондай-ақ тағы 200 грамм мөлшерінде қауіпті дәрі тәркіленді. Биылғы жартыжылдықта астанада есірткіні сақтау мен пайдалануға қатысты 209 факті анықталды. Демек, бұл күн сайын бір адамның қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын білдіреді. Психобелсенді заттарды пайдалану бойынша 8 дерек тіркелсе, есірткіні сақтау мен өткізуге байланысты 136 іс әшкереленді», – дейді Сергей Ильяных.
Сол секілді құқық қорғаушылар интернет ресурстарын ұдайы бақылауда ұстап отырғандарын жеткізді. Арнайы мониторингтің нәтижесінде 2018 жылдан бастап бүгінге дейін есірткі заттарын жарнамалап әрі оның саудасын қыздырған сайттардың жұмысы тоқтатылған екен.
«Былтыр қыркүйек айынан бастап осы уақытқа дейін 1200-ден аса интернет сайттың есірткі бизнесімен айналысқанын анықтадық. Тиісті мәлімет Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жолданды. Ғаламторда сайт ашу аса қиынға соқпайды. Бұған қоса осыған қатысты алаяқтық әрекеттерді де жоққа шығармаймыз. Қылмыскер есірткіге тәуелді азаматтың жағдайын пайдаланып, ақшаны интернет-банкингке аудартқызып, клиенттерін сан соқтыруы да мүмкін», – дейді қалалық ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің басшысы.
Десе де сарапшылар елде қауіпті затқа байланғандардың қарасы біртіндеп азайғанын алға тартты. Нарколог дәрігер Тоқтар Қойшыбеков, қазір есірткіге тәуелді қазақстандықтардың ұзын саны 20 мыңның, ал алкогольді ішімдіктен құтыла алмай жүргендер 100 мыңның айналасында екенін атап өтті.