НҰР-СҰЛТАН, 29 шілде. Елімізде қызметі қолданыстағы заңдарға қайшы келетін 14 мың шетелдік сайт анықталды. Оның 4 мыңға жуығы есірткі заттарын насихаттап жарнамалаған, деп 24.kz хабарлайды.
Ішкі істер органдары бұл деректерді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жолдады. Жалпы жыл басынан бері ел аумағында 3 мыңнан астам есірткі қылмысы тіркеліпті.
Кинологиялық қызмет орталығындағы 35 иттің бірі Цезарь бас қала әуежайында тағы бір мәрте есірткі затын тапты. Алайда бұл жолы жолаушы жазаланбайды. Себебі бұл ішкі істер министрлігі ұйымдастырған профилактикалық шара ғана. Алайда тыйым салынған затты расымен де алып өтпек болғандарға кешірім жоқ. Мәселен, биыл әуежай аумағында есірткі тасымалдап, сақтады деген күдікпен 6 адам ұсталыпты. Оның төртеуіне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Тағы екеуіне қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.
«Есірткіні сырттан тасымалдау дерегі де тіркелді. Ыстамбұл қаласынан ұшып келген жолаушыдан тыйым салынған қоспа табылды. Оны қызметтік-іздестіру иттері тапты. Осы мәселеге қатысты іс қозғалып, жолаушы қылмыстық жауапкершілікке тартылды», — деді желілік полиция бөлімінің бөлімше бастығы Ілияс Қожахметов.
Ішкі істер министрлігі келтірген дерек бойынша, соңғы 1 жылда есірткі тасымалдау дерегі 10 процентке төмендепті. Жыл басынан бері ел аумағында 3 мыңнан астам есірткі қылмысы тіркеліп, 4 тоннаға жуық тиым салынған қоспа айналымнан шығарылған. Қызметтік төбеттердің көмегімен биыл 150 заң бұзу дерегі әшкереленіпті.
«Бес жылдықты алатын болсақ, біршама азайды. Мұның басты себебі, менің ойымша көптеген профилактикалық іс-шаралардың арқасында. Халық көріп отыр, біз иттермен барлық поездарда деп айтуға болады, әуежайларда профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. Полиция жұмыс істеп отыр», — деді ҚР ІІМ кинологиялық қызмет орталығының бастығы Бағлан Жарылқасынұлы.
Бұдан бөлек жауапты министрлік еліміздегі есірткі саудасына балта шабу мақсатында заң нормаларын қатаңдатуды көздеп отыр. Атап айтқанда, тиым салынған препараттарды интернет және телекоммуникация желілері арқылы саудалау, психотроптық заттарды жарнамалау мен насихаттау үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Ал әлеуметтік желілерде қылмыстың бұл түрімен айналысқандарды өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы ұсыныс айтылды.