АЛМАТЫ, 02 тамыз. Теріс ағым өкілдерін райынан қайтаруға теологтар мен психологтар атсалысып жатыр. Бұл туралы Алматыдағы кеңес беру және оңалту орталығының директоры Руслан Қайыргелді айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасына қарасты кеңес беру және оңалту орталығы жат діннің жетегінде кеткендермен жұмыс істейді. Жоспарға сәйкес, орталық қызметкерлері биыл 1000 адаммен оңалту жұмыстарын жүргізуді көздеген. Мамандар орталық көмегіне жүгінген әрбір адамен жеке-жеке сөйлеседі. Мегополистегі діни ахуалды аталған оңалту орталығының директоры айтып берді.
«Оңалту орталығына күніне нақты осынша адам келеді деп айта алмаймын. Себебі, бір күнде бір адам немесе он адам келуі мүмкін. Оларды көбіне достары немесе ата-аналары, туыстары әкеледі»,- дейді Алматы қалалық кеңес беру және оңалту орталығының директоры Руслан Қайыргелді.
Біздің қоғамда ақида деген бар. Дәстүрлі Ханафи мәзхабы мен теріс ағымдағылардың фикхы мен ақидасы екі түрлі. Мысалы, намаз оқу тәсілдері әртүрлі болады. Ең басты қиындықтар осы тұста туындайтын көрінеді. Мамандар мұндай адамдармен жұмыс істегенде арнайы тәсілді қолданады.
«Негізі біз қандай әдіс қолданатынымызды көпшілікке ашып айтпаймыз, өзіміздің әдісіміз бар. Көп жағдайда сұхбат түрінде жүреді. Оның ұстанған идеологиясын анықтаймыз, оны ақида деп атайды. Оңалту танысудан басталады. Ойы мен көзқарасына мән береміз. Ең алдымен диагноз қоямыз. Кімді тыңдайды, қандай идеологияны ұстанады — соны анықтау керек. Содан кейін емдеуге кірісеміз»,-дейді Руслан Қайыргелді.
Отандастармыз қақтығыс аймақтарына әділдік іздеп барып, соңында опық жеп қайтады. Олар шынайы дін сол елдерде деп ойлайды.
«Қақтығыс аймағынан келгендердің барлығының көзқарасын өзгерттік деп айта алмаймыз. Алайда өкінетіндер бар. Себебі, олар ол жаққа әділдік іздеп барады. Шынайы дінді іздеп барады. Қоғамнан шаршадық деп жатады. Себептері көп. Сирияда шынайы шариғат бар, заң бар деп ойлайды. Кейін көңілі қалып та жатады. Бір мысал келтірейін. Сирияға кетіп қалған бір отбасының велосипедін көршілері ұрлап кетеді. Олар барып, оның үстінен полицияға шағым түсірген. Алайда, ұрыға ешқандай шара қолданбаған. Бұл оқиғаны сол елден оралған бір қарындасымыз айтып берді. Демек, дінді мықты ұстанған ел олардың сенімін ақтамаған»,-деп қосты директор.
Алматыда діндарлар көп. Кім қандай жолды таңдады — оны анықтау оңай емес. Десек те, оңалту орталығы теріс ағым өкілдерін райынан қайтаруға барын салады.
«Шын мәнінде райынан қайтару оңай шаруа емес. Ол қасындағы адамдарға, қоршаған ортасына байланысты, жұмыс істеп жатқан жерінің де ықпалы болады. Оңалтудан өткеннен кейін олар түгелдей жұмыс орнын ауыстыруы қажет. Тіпті, бұрынғы достарымен де байланысты үзгені абзал. Сонда ғана ол адам жат ағымға қайтып бармайды»,-дейді оңалту орталығының директоры.
Сирияға баратындардың басым бөлігі — жас жігіттер. Бұл адамдар Матхалиді қолдайды. Олар саяси билік үшін ашық күреспегенімен, қоғамдағы кейбір құндылықтарды ширк, харам деп таниды.
«Қақтығыс аймағына кететіндер — радикалдар. Бізде Қазақстанда матхалилер бар. Олар — Матхали деген кісінің соңынан ерушілер. Біздің діни басқарманың пәтуасына сай емес. Ондай кісілермен психолог, теологтар жұмыс істейді»,-дейді Руслан Қайыргелді.