НҰР-СҰЛТАН, 04 тамыз. АҚШ-тың Техас штатындағы Эль-Пасо қаласындағы сауда орталығында ер адам оқ жаудырып, 20 адам қаза тапты.Бұл туралы 24.kz хабарлайды.
Қарулы ер адам көпшілік шоғырланатын орталықта бейбіт тұрғындарға оқ жаудырған. Шабуыл нәтижесінде 20 адам қаза тапты. Бұл туралы штаттың губернаторы Грег Эббот мәлімдеді.
Полицияның мәліметінше, оқиғадан 26 адам зардап шекті.
Мексика президенті Андрес Мануэль Лопес Обрадордың айтуынша, қаза тапқандардың арасында мексикалықтар да бар.
Атыс шығарған күдікті оқиға орнында ұсталды. Ол полицияға өзі беріле салған. 20 адамның өліміне себепші болған Далластың 21 жастағы тұрғыны болып шықты.
Оның бұл әрекетке баруына не себеп болғаны анықталып жатыр. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс жек көрушілік салдарынан жасалған қылмыс бабы бойынша қарастырылып жатыр.
Кейіннен белгілі болғандай, 21 жастағы Патрик Крузиос Техастың батысындағы Walmart сауда орталығында атыс ұйымдастырмас бұрын, өзінің Twitter-дегі парақшасында манифест жариялаған. Онда ол, Жаңа Зеландия мешітінде болған ланкестік әрекетті қолдайтынын жеткізген.