Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Бауыржан Әлиұлы: Сәләфиттер өз кемшілігін ешуақытта мойындаған емес

НҰР-СҰЛТАН, 05 тамыз. Ислам тарихында әр ғасырда бірнеше ағымдар пайда болды. Соның ішінде уаһаби-салафизм ағымы ислам әлеміне өз залалын тигізді. Себебі ХVІІІ-ХІХ ғасырда ислам әлемі құлдырау мен отаршылықтың құрбанына айналып, мұсылмандар арасындағы ауызбіршілікке айтарлықтай сызат түсті. Салафизм ағымы туралы белгілі исламтанушы, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің PhD доктаранты Бауыржан Әлиұлы әңгімелеп берді, деп kazislam  порталы жазады. 

Бауыржан Әлиұлы, салафизм ағымының шығу тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз? 

«Уаһаби ағымы» шамамен екі жарым ғасыр бұрын Араб түбегінде, Нәжд даласында Мұхаммед бин Абдулуаһаб негізін қалаған ағым. Алайда олар соңғы жиырма жылдан бері белгілі бір себептерге байланысты өздерін «салафилік жолдамыз» деп есептейді.

Мұхаммед бин Абдулуаһаб  құрған уаһабилік ағым Нәжд  пен Араб түбегіндегі кейбір аймақтарға ғана тараған еді.

Олар – дінде негізі жоқ сенімдер мен әрекеттерге қарсы күресеміз деп өз идеологиясын бастады. Міне, осылайша уаһабилік ағым өкілдерінің арасында үлкен қарқынмен таралды.

Уақыт өте келе уаһабия сөзінің орнына сəлəфия сөзі қолданыла бастады. Мұндағы мақсат – уаһаби ағымының пікірлері тек Мұхаммед бин Абдулуаһабтан емес, сəлəфтардан бастау алады деген ойды қалыптастырып, халықты «бұл ағымды құрудағы негізгі себеп сəлəфтар ақидасын ұстанып, солардың жолын жалғастыру» деп сендіру болатын.

Осы кезеңнен бастап, «сəлəфия» ұғымы мысырлық қозғалыс мүддесіне қолданылған ұран аясынан шықты.

Сөйтіп, сəлəфизм сөзі өздерін «ақиқат жолындамыз, сəлəф салихиндер (алғашқы ізгі буын) ақидасын сақтаушымыз, солардың ұстанған жолдарын таратушымыз» деп, өздерін қалған мұсылмандардан жоғары санайтын уаһабилік ағым өкілдерінің лақабына айналды.

Сол салафизм ағымын ұстанушылар мәзһаб ұстана ма? 

«Жоқ, бірақ олар өздерін «Біз сенімде сәләф, амалда ханбали мәзһабын ұстанамыз. Негізінде Ахмад ибн Ханбал сенімде сәләфты ұстаған. Біз де амал мен итиқадта ханбалиміз. Уаһабилік деген нәрсе жоқ. Мұхаммед ибн Абдулуаһаб білімімен және ісімен осы мәзһабты жаңартқан Шайхулислам». деп сипаттайды.

Ағымның мақсаты не өзі?

Мұхаммед ибн Абдулуаһаб «Китабут-таухид» атты еңбегін жазып, өз пікірін таратуға және адамдарды ширк пен бидғаттан арылуға шақырды. Пікірін қабылдамаған, тура жолға бет бұрмағандарды қажеттілік туындап жатса қылышпен қайтаруға рұқсат берген.

Олар мазар мен кесенелерге зиярат жасап, тариқатқа кірушілерді адасуда деп санайды. Мұндай әрекеттер таухидтің бұзылуына себеп болды. Сондықтан ондай бағытта жүргендер ширк жасаушы мүшриктер деп баға берді. Тіпті, оларды өлтіруге, мал-мүлкін олжа етіп алуға  рұқсат берген.

Бәдәуилерге мұндай пәтуа ұнап, үнемі бүлік шығаруға тырысты. Осылайша, Мұхаммед ибн Абдулуаһабтың насихаттаған «таухид дінін» жаю жолында мұсылмандарға қарсы әрекет басталды.

Салафизм ағымының идеологиясы түрлі ағымдардың пайда болуына түркі болған секілді ғой…

 Дәл солай, уаһабилік немесе салафилік ағымы ислам әлемінде түрлі ағымдардың пайда болуына түрткі болды.

Әсіресе, ХХ ғасырдың басында уаһабилік ағымды үлгі тұтқан діни реформалық әрекеттер де жасалды. Олар Суданда «Маһдия», Ливанда «Мадрасат Санусия», Мысырда Мұхаммед Абдулуаһабтың ағымы, Жамаләддин әл-Ауғанидің медресесі және Үндістанда бірнеше ағымдар пайда болды.

Бұл ағымдардың барлығы да ислам әлемі ХІV ғасырдан бері мойындап келе жатқан төрт мәзһабты мойындамай, мұсылмандар арасына іріткі салды. Олардың сенімі бойынша, алғашқы үш ғасырдағы мұсылмандар мен қазіргі заманғы мұсылмандардың арасы тым алшақтап кеткен деп, алдыңғы үш буын мұсылмандарға ұқсауға насихаттады. 

Сонда олардың сенім түсінігі қандай? 

Мұхаммед ибн Абдулуаһабтың сенімі мен көзқарасын жазған еңбектерінен байқауға болады. Ол бірнеше еңбек жазған. Солардың ішінен ең танымалысы «Китабут-таухид» (Таухид кітабы), «Кәшфуш-шуһубат» (Күмәнді нәрселерден арылту) және «Китабул-усулис-сәләсә» (Үш негіз кітабы). Айта кетейін бұл еңбектер біздің елімізде тыйым салынған әдебиеттердің қатарына жатады.

Осы еңбектерінде таухид, ширк (Аллаға серік қосу), бидғат мәселелеріне кеңінен тоқталады. Мұхамед ибн Абдулуаһаб «Кәшфуш-шуһубат» атты еңбегінде амал иманның бір бөлігі, амал етпеген мұсылман болмайды деп кесіп айтады.

«Иман жүрекпен сеніп, тілімен айтып, амал ету. Егер осылардың бірі бұзылса, адам мұсылман болмайды. Ал егер таухидті танып, онымен амал етпесе, ол перғауын, ібіліс және сол екеуі сияқтылар тәрізді қасарысқан кәпір болады», – деп келтіреді.

Оның логикасы бойынша, иман – жүрекпен сену, тілмен айту, амал ету. Егер де осы үшеуінің бірі кем болса, ондай жан – мұсылман емес, кәпір. Амал иманның бір бөлшегі болғандықтан, қандай да бір парыз амалды тәрк еткен адам – кәпір, діннен шығады деген үкім шығады.

Әрине амал иманның ажырамас бөлшегі деген атақты имам Мәлик, Шафи, Ханбал сынды ғалымдар амал етпеген жандарға кәпір демей, «пасық», «күнәһар мұсылман» деп үкім берген. 

Демек, атақты төрт мәзһабтың түсінігіне қарсы ғой… 

Әрине, Мұхаммед ибн Абдулуаһабтың еңбектері негізінен ширк пен бидғаттар (дінге енген жаңалық) төңірегінде жазылғандықтан, ислам дінін ұстанушыларды ширк пен бидғаттан арылту керек деп санайды.

Тіпті, олар ондай мұсылмандарды өлтіруге рұқсат берумен әһлу сүннет уәл жамағат деп аталған ханафи, шафи, мәлики және ханбали мәзһабтарының ортақ діни түсінігіне қарсы келді. 

Жалпы олар өздерінің кемшілігін мойындай ма?

Салафизм ағымының ханафи, мәлики, шафи, ханбали мәзһабтарының ақидасы мен ұстанымдарына қайшы келетін тұстары жеткілікті. Сәләфиттер өз кемшілігін ешуақытта мойындаған емес.

Олар мәзһаб ұстауды адасу деп айыптап, өздерінің де бір ағым екендігін қабыл етпей, ақида мәселесінде адасқандықтарын мойындамайды.

Олардың өзгелерді өздері секілді сенуге, өмір сүруге, ғибадат етуге, қабірге және кесенелерге зиярат етпеуге, бидғаттардан аулақ болуға шақыру барысында күш қолданып, қан төгуі – шариғатқа қайшы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *