НҰР-СҰЛТАН, 16 тамыз. Терроризм – ең қауіпті қылмыс болып саналады. Бұл халықаралық сипат алған қорқынышты құбылыс. Терроризм әртүрлі мемлекеттер, топтар арасындағы келіспеушілікті шешу үшін қорқыту және қырып-жоюдың құралына айналып отыр. Террорлық әрекеттер әртүрлі болуы мүмкін, бірақ оның бәрін біріктіретін екі түрлі элемент бар. Біріншісі, терроризм мемлекеттік билікті күйретуге бағытталған; екіншісі – терроризмді жүзеге асыру арқылы, яғни террористердің ұйымдасқан, қатыгездік әрекеттерімен қарапайым тұрғындардың бойына үрей ұялату болып отыр. Қазір бүкіл әлем осы терроризмен күресіп жатыр. Соның ішінде Қазақстан да бар. Діни терроризм қаупін болдырмау мақсатында түрлі іс-шаралар қолға алынды. Экстремизм мен терроризмнің алдын-алу жұмыстары Алматыда да қарқынды жүріп жатыр. Алматы қалалық Қоғамдық даму басқармасында бұл мәселе күн тәртібінен түскен емес. «Қазақстан Республикасындағы лаңкестік және экстремиз мәселелерін зерттеу орталығы» ҚҚ төрағасы, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Кәкімжан Бишманов еліміздегі діни ахуал жөнінде кеңінен айтып берді, деп ҚазАқпарат жазады.
— Ең алдымен «Қазақстан Республикасындағы лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы» қоғамдық қорының жұмысы жайында айтып берсеңіз?
— Бұл қоғамдық қорды 2012 жылы құрдық. Содан бері лаңкестік пен экстремизм мәселелері бойынша жүзден астам конференция, мыңнан астам семинар, лекция, тренингтер өткізіппіз. Шараларымызды флешмоб, көшпелі мәжіліс және дөңгелек үстел түрінде де өткіздік. Біз жұмыс істеген аудиторияның құрамы сан алуан. Оның ішінде жұмысшылар да, жұмыс істемейтіндер де, оқушылар да, студенттер де бар. Базар, сауда орталықтары сияқты халық көп жүретін жердің бәрін қамтыдық.
— Терроризм мен экстремизмге қарсы күрес негізі құқық қорғау органдарының жұмысы емес пе?
— Бұл қате пікір. Органдар қылмыскерлермен күреседі. Халық, қоғам не істеу керек онда? Олар да тәрбиеге жауапты. Яғни, ата-ананың, мектептің, колледж, иституттың, жұмыс істеп отырған мекеменің тәрбие беру саласында міндеті бар.
— Терроризм мен экстремизм ұғымдарының айырмашылығы неде?
— Терроризм ол ең алдымен халықтың үрейін ұшыру. Адам өлтіру арқылы өзінің мақсатына жету. Мақсаттары әр түрлі. Мысалы, төңкеріс, министр кабинеттерін отставкаға кетіру, түрмеде отырған сыбайласын шығарып алу және қаржы талап ету. Террористердің бетін бері қарату өте қиын. Ол — адам емес. Ол – адам өлтіретін машина. Терроризм бұл криминалдық ұғым. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодекстің арнайы баптары бар.
— Терроризмнің иесі кім?
— Мысалы кейбір теракт жасағандар істеген ісін мойнына алады. Біз жасадық дейді. Кейбіреуі таза өзінің жарнамасы үшін істейді. Атағын шығару мақсатында. Енді нағыз иелері өздерін ешқашан көрсетпейді. Мысалы Америкада 2001 жылы қыркүйекте орын алған террорлық актілердің шын ұйымдастырушысы кім? Оны ешкім дөп басып айта алмайды.
— Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда тәуелсіздік алған жылдардан бері 30-ға жуық теракт жасалыпты, олар нені көздеді?
— Біздегі теракт АҚШ-тағы оқиға деңгейіне жеткен жоқ. Олар өздерінің жеке мүдесі үшін жасады. Нақтырақ айтсақ, өш алып, кегін қайтару үшін эмоционалдық жағдайдан орын алған терактілер. Басқа елдердегі терактілер мүлдем басқа. Олар биілікке өз шарттарын қояды. «Қаржы беріңдер, тік ұшақпен қамтамасыз етіңдер» деген сияқты. Бізде ондай жоқ.
— Ал, экстремизм деген не?
— Терроризм криминал болса, эктремизмге саяси тұрғыдан қарауға болады. Оңалту жұмыстары арқылы экстремисті райынан қайтаруға мүмкіндік бар. Жаман ауру бар емес па? «Рак» деген. Метостаза кетті ма, кетпеді ма деп тексереді ғой. Сол сияқты мұнда да экстремизмнің түбін анықтау қажет. Жаңадан аяқ басқан адам болса, оңалту жұмыстары арқылы, мамандардың көмегімен райынан қайтаруға болады.
— Естумізше, эктремизм де бірнеше бөліктен тұрады екен?
— Саяси, діни, ұлттық экстремизм бар. Біздің қарастырып жатқанымыз діни экстремизм. Бұл негізі дұрыс емес. Егер сен діни экстремист болсаң, әрине, сен саяси және ұлттық экстремиссің. Әрқайсысын бөлек қарау дұрыс емес. Экстремизм ереуіл, лозунгтан басталып үкіметті құлатайық дегенге дейін барады. Осы мақсатқа жетудің келесі қадамы ол лаңкестік. Адам өлтіріп үкіметті тізе бүктіру. Лаңкестік деген адам өлтіру. Қорқытып, жұрттың үрейін ұшырып өзіңнің дегеніңе жету. Бірақ, ол жерде міндетті түрде адам өлімі болу керек.
— Қазір қоғамда радикализм, лаңкестік, экстремизм дегендерің бәрін дінмен байланыстырып жатыр. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?
– Лаңкестікті дінмен байланыстыруға өзім қарсымын. Дінде лаңкестік болуы мүмкін емес. Өзімізге өзіміз жамандықтың бәрін жауып отырмыз ғой сонда. Біздің пайғамбарымыз «кімде-кім жазықсыз бір адамды өлтірген болса, ол бүкіл адамзатты өлтіргенмен тең» дейді. Ал, біз исламда лаңкестік бар деу арқылы исламға қарсы шығып отырмыз. Лаңкестікте дін, ұлт деген ұғым жоқ. Лаңкес дегеннің өзі қылмыскер. Бізде өзін-өзі өлтірген адам зиратқа қойылмайды, жаназасы шығарылмайды. Оның баратын жері – тозақ. Бұл көп дінде солай. Соны біле отырып ол қалай исламның пердесін жамылып, лаңкестік акт жасауы мүмкін.
— Адамзатқа қаупті қылмыстың алдын-алу бізде қалай жүріп жатыр деп ойлайсыз?
— Алдын-алумен құқық қорғау органдары айналысып жатыр. Нәтижесі де бар. «Ана жерде, мына жерде лаңкестер» ұсталыпты деген хабарларды жиі естіп, оқып, көріп жатамыз. Яғни, менің ойымша құқық қорғау органдары жақсы жұмыс жасағанымен, қоғам бұл үрдіске дұрыс атсалыспай отыр. Лаңкес деген аспаннан салбырап түскен жоқ. Қасымызда жүрген, бір аулада тұратын, бізбен бірге жұмыс істейтін адам. Біз оны қашан жоғалтып алдық, меніңше, ең алдымен соған назар аудару керек. Егер біреу күдікті адамдармен араласып жүрсе, жаман қылықпен айналысып жүрген болса оны көріп, білсеңіз құзырлы органдарға хабарлаудың ешқандай ұяты жоқ.
— Қарапайым адам неге назар аудару керек?
— Әр адам бірінші сәтте-ақ ең алдымен өзіңіздің, бала-шағаңыз бен айналаңыздағы өзге де адамдардың қауіпсіздігін ойлауы керек. Сонда ғана белсенділік оянады.
— Кәкімжан Мұратжанұлы, сіз АҚШ-та лаңкестікке қарсы бағдарламасы бойынша академияда білім алдыңыз, шетелде бұл жұмыстар қалай жүргізіледі екен? Айырмашылық байқадыңыз ба?
–Айырмашылықты байқадым. Көзге көрінетін бірінші ерекшелік АҚШ-та лаңкестік пен экстремизмге дінді қоспайды. Содан кейін онымен күрес шамалы жеңілдеу. Ал, бізде мұнда проблема көп. Біріншіден, біздің сана-сезімімізге өте жақын құндылықтарымыздың бірін жағымсыз етіп көрсетіп қойды. Ол – исламист деген сөз. Мысалы гитарада ойнасаң гитариссің, пианинода ойнасаң пианошысың деген сияқты, егер ислам дінін ұстанатын болсаң сен исламшылсың ғой. Қазір біз бұл сөзді өз мағынасында пайдалана алмаймыз. Оны түзету үшін енді бізге бірталай уақыт пен қаражат керек болады. Бізде осыған ұқсас бір жағдай болды. Осыдан 7-8 жыл бұрын мемлекеттік қызметкер туралы – қазынаны тонаушы, коррупционер, бюрократ, қағаз кеміруші деген көзқарас қалыптасқан болатын. Оны ақтап алу үшін мемлекеттің қанша қаражаты кетті. Қазір мемлекеттік қызметкер десе жаман ойдың бәрі қалып, қайта оларды мүсіркейтін болды. Біз тарихты тез ұмытамыз. Мынау да сондай. Ең болмаса өзіміз ислам деген қасиетті сөзді осылай бұрмалап, мұсылмандықты – лаңкес, қылмыскер, экстремистермен байланыстырмай айтсақ болады ғой.
— Алматы қалалық Қоғамдық даму басқармасының мәліметіне сәйкес, мегополисте 17 конфесияның 180 діни бірлестігі жұмыс істейді. Сондай-ақ, Алматыда діни бірлестіктер басшыларының клубы құрылыпты. Сіз сол клубтың басшысы екенсіз?
– Рас. Бұл клубтың құрылғанына биыл 3 жыл толды. Оған діни бірлестіктердің бәрі мүше боп кірді. Біз оны Елбасының бастамасымен Астанада құрылған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің үлгісі бойынша құрғанбыз. Мұндай клуб Алматыдан басқа ешбір жерде жоқ. Алғаш кездескенде олар бір-бірін жатырқап, аса ұнатпай отыратын. Қазір кейбірі бірін-бірі көргенде құшақтасып көріседі. Өйткені, біздің клуб бейресми жұмыс жасайды. Бір-бірімізге қонаққа барып, жиналып концерт, кино да тамашалаймыз. Мен оларды Құрбан айтта Орталық мешітке апардым. Бұл бұрын-соңды болмаған нәрсе. Сосын Алматы қалалық музейіне апардым. 2 метр жер астындағы әйнекпен жабылған құбыр желісін көрсеттім. Зерттеушілердің анықтауынша, оның кем дегенде 2,5 мың тарихы бар екен. Кейбір діни ұйымдардың басшылары шет елден келген адамдар ғой. «Біз мұны білмедік» деп қатты таң қалды. Сосын жыл сайын 31 мамырда 1931–1933 жылдардағы ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке баруды дәстүрге айналдырдық. Оған бәрі барып, гүл қойып, әрқайсысы өз діни рәсімі бойынша дұға жасайды.
— Дінге бет бұрған адамды үстіндегі киім үлгісінен-ақ байқауға болады. Жалпы, сіздің хиджабқа көз қарасыңыз қандай?
— Қоғамда хиджабқа қатысты пікірлер әртүрлі. Қазақстан Зайырлы мемлекет сондықтан, мемлекеттің мүдессін ұстану қажет. Мен өз басым кішкентай қыздарын мектепке хиджаб кигізіп жіберетін ата-аналарды түсінбеймін. Ол бала, ол өзінің қатарластарына қарап өседі. Білім министрлігі бекіткен арнайы мектеп формасы бар. Соны кию керек. Қазақстанда барлық діннің өкілдері тұрады. Ертең провославтар, кришнаИттар, буддалар өзіміздің діни киімізбен жүреміз десе не болады. Міне осыны ойлау керек. Заңға бағыну қажет.
— «Жусан» операциясының жат дінді қолдайтындарды райынан қайтаруға ықпалы жете ме?
— Ықпалы болады. Сирия мен басқа да қақтығыс аймақтарына кеткендердің басым бөлігі шетелдік «ғұламалардың» арбауына түсіп қалғандар. Онда мұсылмандар мұсылмандарға қарсы соғысып жатыр. Яғни, әртүрлі топтар бір-бірімен қырылысуда. Ол жаққа бір барғаннан кейін қайта шығу мүмкін емес десе де болады. Өйткені ондай әрекет байқалған жағдайда адамдар өлім жазасына дейін жазаланады. Сирияға жастар діни сауаты төмен болғандықтан, арбауға түсіп кетіп қалады. Сол жақтан отанына оралған адамдармен арнайы мамандар жұмыс істеп жатыр. Әсіресе, аналар мен балаларға психологиялық қолдау және оңалту жұмыстарын жақсылып жүргізу керек. Қуанатын жәйт, соңғы екі жылда ел аумағынан Сирия бағытына қарай бірде бір адам шықпапты. Мұның өзі үлкен жетістік. Бұл осы елімізде атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижиесі. Оңалту, түсіндірудің жемісі десек те болады.