ПАВЛОДАР, 28 тамыз. ҚР ҰҚК Павлодар облысы бойынша департаменті Павлодар облысы аумағына есірткі заттарын жеткізу өңірлік арнасын ұйымдастыруға қатысы бар ҚР азаматы К. Құсаиновтың заңға қайшы әрекетін анықтап, жолын кесті, ҚР ҰҚК баспасөз қызметі хабарлайды.
Атап айтқанда, ҰҚК департаменті жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде К. Құсаинов 2019 жылғы 1 наурызда өзінің автокөлігімен Қарағанды қаласынан Павлодар қаласына «марихуана» есірткі затының ірі партиясын өңір аумағында өткізу мақсатында жеткізген.
ҰҚК департаменті ү.ж. 2 наурызында К. Құсаиновты 20 кг «марихуана» есірткі затын өткізу әрекеті кезінде ұстады.
Бұдан өзге, тергеу амалдары кешенін жүргізу барысында тұтқын Павлодар қаласында тұратын туысқанының тұрғылықты жерінде жасырылған 10 кг «марихуананы» өз еркімен берді.
Нәтижесінде тәркіленген есіркінің жалпы салмағы 30 кг құрады.
Ү.ж. 16 тамызында Павлодар облысы қылмыстық істер жөнінде мамандандырылған ауданаралық соты шешімімен тұтқын ҚР ҚК 297- бабы 3-бөлігі бойынша айыпты деп танылып, қауіпсіздігі жоғары деңгейдегі түзету колониясында жазасын өтеуге 11 жылға бас бостандығынан айыруға кесілді.