НУР-СУЛТАН, 02 қыркүйек. Арнайы есірткі заттарын іздеуге үйретілген ит Бейнеу — Нукус пойызының дәретханасында есірткі салынған жасырын орынды табуға көмектесті, деп ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Бейнеу шекара отрядына қарасты «Бейнеу-теміржол» бөлімшесінде шекара наряды кеше арнайы үйретілген иттің көмегімен «Бейнеу – Нүкүс» бағытындағы № 648 пойыз вагондарының бірінің әжетханасында, жылу батареясының артына қыстырылып қойған түйіншекті тауып алды. Түйіншек ішіндегі жасыл түсті, өзіндік иісі бар, кептірілген өсімдік текті зат барлық белгілерімен «марихуана» есірткісі деп топшылауға негіз береді.
Қызметтік ит түйіншектің иесін де көрсетіп берді. Ол 54 жастағы Өзбекстан азаматы екен.
Ұсталған азамат айғақ затымен Бейнеу желілік полиция бөліміне тапсырылды.