АРЫС, 03 қыркүйек. Діни сауаттылықтың төмен болуынан Сириядан бір-ақ шыққан Арыс тұрғыны ондағы сұмдық жайттар туралы әңгімелеп берді, деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ.
Арыстық 35 жастағы Алтынай (өзгертілді: автор) есімді келіншек жолдасы екеуі алғашында Алматыда тұрған. Кәсіптері дөңгелеп, 2012 жылы жас отбасы Дубай қаласына қоныс аударады.
Араға бір жылдай уақыт салып Алтынайдың жолдасы әлдекімдерден ислам діні бойынша сабақ алып жүріпті.
Күндердің күнінде келіншектің жолдасы «Сирияға жол ашылыпты, ондағы мұсылмандар қиналып жатыр екен. Біз көмекке баруым керек», — деп айтып, жолға жиналады. Ол кезде бұл отбасының үш қызы болған.
«Күйеуім Түркия арқылы Сирияға аттанды. Мен қыздарыммен Дубайда қалдым. Кейін күйеулері Сирияға кеткен келіншектермен және өзге де мұсылман азаматтармен бірге біз де Сирияға бардық. Өкінішке орай, мен жолдасымды көріп үлгермедім. Ол кісі Иракқа кетті деген хабарды естідім, кейін сол жақтан қайтыс болды деп айтты», — деп әңгімесін бастады ол.
2014 жылдың қыркүйегінде Сирияда жүрген Алтынай екінші рет тұрмысқа шығады.
Қарағандының қазақ жігітімен көңіл қосқан ол ұл баланы дүниеге әкеледі.
Ал бесінші перзентіне аяғы ауыр кезінде әуе арқылы бомба тасталынып, соның жарылысынан екінші күйеуі де қаза табады. Бұл 2017 жылдың желтоқсанында орын алған.
«Біз ол кезде Сирияның Кешма деген қалашығында едік. Осы жағдайдан соң әуеден тасталынатын жарылғыш заттар күрт көбейіп кетті. Емін-еркін жүру қауіпті болды.
Бесінші перзентімді босанып алған соң біздің күнкөрісіміз нашарлай түсті. Себебі оған дейін беріліп келген қаржылай көмек тоқтады (автор: Сирияда жүрген әрбір ересек адамға айына 50 АҚШ доллары мен балаларға 35 АҚШ доллары беріліп келген).
Онда жол жабылып, азық-түліктің ішке кіруі қиындай түсті. Күнделікті қажетті ас-ауқатты алудың өзі мұңға айналды.
Тіпті өзеннен су алып, тасып ішу қауіп төндірді. Судың арғы бетінде снайперлер аңдып отырады. Шабуыл жақындай түсті», — деді Сириядан оралған Алтынай.
Әуе мен өзеннің арғы бетінен оқ қарша бораған соң Кешма тұрғындары қауіпсіз аймақ іздеп көше бастайды.
Жолай қаншама мұсылман азаматы жан тәсілім етіп, ажал құшпағандары тірінің тіршілігін жасап, көшуді жиілетіпті.
«Шынымды айтсам, балаларым үшін қатты алаңдадым. Адамдарда мейірім деген жоғала бастады. Мұсылманбыз дегендердің өздері екіге бөлініп, заң жоқ, бір-бірін пышақтап, ақшасын тартып алып отырғандарды көрдім.
Кешмадан кейін Мараджа деген елдімекенді паналап, кейін Бағус қалышығына көшіп келдік.
Жапан далада шатыр тігіп, пана еттік. Ол жақта да өзеннен су тасып іштік. Евфрат деген өзен. Оған да барып келу өмірге қауіпті еді. Ас-ауқатты табу да қиын.
Бір келі ұнның бағасы біздің теңгемен есептегенде — 30 мың теңге. Құрманың келісі 50 мың теңгеге дейін барды.
Біз көбіне бидай, жүгерінің кебегі бар ғой, соны сатып алып тамақ еттік. Ал қажетті қаржыны Қазақстандағы анам салып отырды», — деген келіншек ол жақта да шетелден келген ақшаны жеткізіп беруші делдалдар болғанын айтты.
Алтынай қаншама рет қашудың амалын қарастырғанымен, бес бірдей баласымен тәуекелге баруға қорыққан. Себебі көптеген жан қашпақ болып жолда минаға түсіп, қайтыс болып жатқанын естіпті.
«Алда не күтіп тұрғаны белгісіз. Біз топ болып қашып жүрдік, қасымда өзім секілді жесір қалған келіншектер болды.
Қауіпсіз аймақты пана етеміз деп жүріп жарылғыш заттың сынығы тиіп, аяғымнан жарақат алдым. Үлкен қызымның омыртқа арасынан өтіпті. Алланың қалауы ғой, көрер жарығы бар екен. Аман қалды.
Бағуста соғыс қатты күшейді», — деп азапты күндерді есіне алған Алтынай әңгімесін әрмен қарай жалғады.
«Біздің қатарымызда Қазақстаннан келген ер азаматтар да болды. Солардың бірі елге қайтуға мүмкіндік ашылды, шығыңдар деп хабарлады. Бәріміз қаша жөнелдік.
Біз дәл уақытында үлгеріппіз, себебі бізден кейін шатырлар мен қамыстар өртке оранды. Бәрімізді жүк көлігіне артты. Бір тәуліктей уақыт жол жүрдік, бірақ оның көбін тоқтап тұрдық.
Жолдағы азапты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, тіпті есіме де алғым келмейді. Әсіресе судан қатты қиналдық, бізді алып жүргендерден су сұрасақ, «Еліңе бар да Президенттеріңнен су сұраңдар» деп келеке етеді…
Кейін босқындардың лагеріне алып келді бізді», — деп сөзін жалғады ол.
2019 жылдың көктемінде босқындар лагеріне келіп жеткен мұсылмандар бір жарым айдан астам уақыт сол жерді пана етіпті.
«Босқындар лагерінде күндеріңіз қалай өтті?» деген сұраққа кішкене кідірген Алтынай «Сириядағыдай төбемізден оқ ұшпады» деп қысқа қайырды.
Өткен күнін тоқтаусыз әңгімелеп берген келіншек ел арасында Сирияға қомақты ақша үшін аттанады екен деген әңгімені теріске шығарды.
«Қайта керісінше, менің жолдасым мұсылмандарға көмек беру керек деп, бүкіл дүниесін құрбан етті. Марқұм жолдасымның Сирияға аттануы діни сауаттылықтың болмауынан ғой.
Тек менің жолдасым емес, қаншама ер азамат шындықты білмей кетіп отыр. Шынымды айтсам, елге оралмас бұрын Қазақстан мені қабылдай ма екен деген ой қатты мазалады.
Босқындар лагерінде жүргенде «Сириядан келгендерді елге оралған соң түрмеге қамап қояды екен» деген әңгіме жүрді.
Кейінірек анам хабарласып, қорқудың қажеті жоғын айтты. Себебі анам мен секілді Сирияға кеткен қазақстандықтардың ата-аналарымен бірлесе биліктен көмек сұрап хат жазған екен», — деді Алтынай.
Ағымдағы жылдың мамырында Қазақстанға оралған бес баланың анасы үшін өмірдің сын сағаты мұнымен тоқтамапты.
Туған елге келе салып, психологиялық тұрғыда бейімделе бастаған соң маусым айында өзі тұратын Арыс қаласындағы әскери бөлімде жарылыс орын алады.
«Қазір балаларыммен бірге анамның үйіндемін. Арыста жарылыс болған кезде үйде едім. Бірден қашудың қамына кірістік.
Шынымды айтсам, тура сол Бағустағы жарылыс көз алдыма елестей түсті. Қырға шығып жатып, жылап жүрген қаншама адамды көріп, жүрегім езілді.
Мені мақұл, соғыс көріп келдім. Кішкентай періштелердің не жазығы бар екен деп іштей қынжылдым… Бәріміз аман қалсақ деген дұға тіледім», — деп сөзін түйді 4 қыз, 1 ұлдың анасы.
Айта кетейік, Сирияға аттанған қазақстандықтарды елге алып келу мақсатында Қазақстанда «Жусан» операциясы қолға алынды. Үш кезеңмен жүргізілген операция барысында Сириядан Қазақстанға 516 адам оралды. Оның 360-ы балалар.