ӨСКЕМЕН, 10 қыркүйек. Шығыс Қазақстанда үш мыңнан астам студент деструктивті діни ағымдардың әлеуметтік желідегі парақшаларына тіркелген болып шықты, деп хабарлайды Алтайньюс.
Шығыс өңірінде әлеуметтік желі арқылы теріс діни ағымдарға әуестенетін студенттер күн санап көбейіп келеді. Бұл туралы облыстық Дін істері басқармасының басшысы Әнуар Абдулдин мәлімдеді.
«Біз «В контакте» әлеуметтік желісіне мониторинг жүргізу арқылы теріс діни ағымдардың парақшаларына тіркелген аккаунттарды анықтадық. Бұл тізімде жоғары оқу орындарында білім алып жүрген үш мыңнан астам студент бар. Мәселен Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің 644 студенті, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың 461 студенті, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың 428 студенті осы тізімге ілікті. Барлық мәліметтер құқық қорғау органдарына тапсырылды», – деді Әнуар Абдулдин.
Басқарма басшысының айтуынша, анықталған аккаунттардың ішінде оқу орны туралы мәлімет көрсетілмегендер де бар. Соған қарағанда, теріс бағытқа бет алған студенттердің қатары бұдан да көп болуы мүмкін деген қауіп бар екенін жасырмады.
«Теріс діни ағымдар жастарды жарға соқпасын десек, әрекет етуіміз керек. Жоғары оқу орындарының ректорларына осы бағыттағы жұмыстарды күшейуді тапсырамын», – деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.