Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Сарапшы: Экстремизмнің бүгінгі таңда кең тараған түрі – терроризм

АЛМАТЫ, 11 қыркүйек.   Қай мемлекет болсын іргесі мығым болуы саяси, әскери, діни, экономикалық, рухани қауіпсіздік негіздерінің тұрақтылығына тікелей байланысты.Осы орайда елдегі діни ахуалды тұрақтандыру, діни экстремизм мен терроризмнің алдын-алу шаралары жайлы Қоғамдық даму басқармасының ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің доценті, философия ғылымдарының кандидаты Жекебаева Мақпал ҚазАқпарат ХАА берген сұхбатында баяндады. 

– Экстремизм тақырыбы біздің лексиконымызға жақында енді. Бұл термин өзгелерді түсінбеу, мойындамау, қарсы шығу деген сөздің төркінінен шықса, діни экстремизмнің сипаты қандай болмақ?

– Экстремизм надандыққа, көрсоқырлыққа бейімделген көзқарастардан туындап, өзгелерді түсінбеу немесе түсінгісі келмеуден, өздерін өте таза, кіршіксіз санап, басқаны адасушыларға жатқызып, тура жол көрсеткендерді мойындамаумен, түрлі төңкерістер мен қантөгістерімен ерекшеленеді. Экстремизм мүшелері көздеген мақсаттарына жету үшін өздерін құрбан етуге, күш, қару қолдану және заңдар, сенім-нанымдарды аяққа таптап, дін атын бүркемелеп, діттегендеріне жетуге тырысады. Экстремистер өзі үшін бөгде пікірде саналатындарды түрлі амал-айлалармен арандатуды ойластырып, діндегі жеңілдеткен үкімдерді ауырлатып көрсетіп, халықты алдап, мұсылмандық адал, таза тіршілікті лайлауға барынша тырысып, бөгде, бөтен пиғылды арамызға таратады. Деструктивті діни ұйымдар – адам санасын әртүрлі әдістер арқылы бақылай отырып, тұлғаның физикалық, психикалық жағдайының бұзылуына алып баратын және отбасының, қоғам мен мемлекеттің құлдырауы мен ыдырауына ықпал ететін тоталитарлық ұғым. Деструктивті діни бірлестік – кез-келген бағыттағы авторитарлық сипаттағы иерархиялық ұйым. Олар тұлғаның табиғи үйлесімді, рухани, психикалық және физикалық жағдайына қауіп туғызумен қатар, қоғамда ұзақ уақыттар аралығында қалыптасқан әлеуметтік нормаларды, дәстүрлер мен мәдениетті жоятын қауіпті ұйым.

– Қазақстан конфессияаралық, ұлтаралық келісімді насихаттап отырған бірден бір зайырлы мемлекет. Елімізде жалпы қанша конфессия мен діни бірлестік бар?

– Қазақстанда 18 конфессияға тиісті 2237 діни бірлестіктер, 517 исламдық, 281 православтық діни бірлестік, 389 протестанттық діни бірлестіктер жұмыс істейді.

– Жүргізіліп жатқан ақпараттық жұмыстарға қарамастан әлі де көп адам солардың жетегінде жүр. Деструктивті діни ағымдар адамдарды қалай өз шырмауына түсіреді ?

– Ең алдымен, діндік маркетинг. Олар әдетте мықты маректолог болады. Өзінің білімін тарату және ерекше әдістермен жаңа адамдар құрамын жинауды қолға алады (көлемді ақпараттар құралдарында жарнама жасау, көшедегі жарнамалар, пошталық жарнама, аталуы белгісіз семинарлар мен жарнамалар). Мысалға, Библияны оқу, ағылшын тілін үйрену, психологиялық тренинг, қарым-қатынас мәселесіне рұқсат беру, балалар тәрбиесі, қайырымдылық концерттер, педагогика сұрақтары бойынша семинарлар деген сияқты жиналыстар болады.

– Қандай адамдар осы секталардың құрбаны болады ?

– Сектаның мүшесіне ең алдымен психикасы тұрақсыз, ашық адамгершілік белгілері, рухани, мәдени білімі жоқ адамдар кіреді. Нәтижесінде адам сектанттардың біліміне, жиналыстарға қатысуға, көшбасшылары мен ұстаздарының көрсеткен нұсқауларына толықтай тәуелді болып қалады. Астрологтар клубтары, экстрасенстер, көріпкелдер мен халық емшілерінің сеанстары, дәрістер мен ағартушылық әңгімелер арқылы да жүргізіледі. Барынша көңіл бөліп, қамқор болады. Психологиялық қысым жасап, жаңадан келгендерге үнемі ерекше ілтипатта болады – «махаббатпен бомбалау» деп атаймыз мұны. Түрлі шығыс медитацияларымен бей-жай күйге түсіру технологияларын қолдану арқылы жаңадан қосылған адамдарға ықпал етулерін біртіндеп өсіре бастайды.

– Экстремизмнен туатын қауіп қандай ?

– Экстремизмнің кез-келген түрлерінің бәрі – терроризм, расизм, этноцид, геноцид – бәрі де күш қолдануға сүйенген. Экстремизмнің бүгінгі таңда кең тараған түрі – терроризм. Терроризм мен діни экстремизм адамзат баласына қауіп пен қатер төндіретін ұйымдар, өз мүдделерін жүзеге асыру үшін небір озбыр әрекеттерге барады. Билік пен байлыққа қол жеткізу үшін ештеңеден тайсалмайды. Билікті орнынан кетіріп, дінді сылтау етіп, адамдар өміріне қауіп ұялатады. Қоғам арасында алауыздықты тудырып, тыныштықты бұзады. Осы орайда бүгінгі таңда біраз уақыттан бері, ҚР Діни басқарма, ҰҚК тарапынан, қалалық, республикалық, көлемде барлық еліміздің қалаларында, аудандарында ақпараттық-құқықтық және психологиялық кеңестер, деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерді оңалту жұмыстарын ұйымдастыру, ақпараттық түсіндірмелік топтың (АТТ) мүшелері арқылы қоғамды сақтандыру мақсатында барынша ақпараттандыру сынды біршама жұмыстар жоспарлы нақты түрде жүргізіліп жатыр. Атай кетсек, солардың бірі Алматы қаласы бойынша, Қоғамдық даму басқармасының ақпараттық түсіндірмелік тобының (АТТ) мүшелері «Экстремизм мен терроризмге қарсы күрес», «Теріс діни ағымдардың қоғамға ықпалы», «Діни секталар» сынды тақырыптарға дәрістер, семинарлар, кездесулер халқымыздың әртүрлі санатының арасында өткізуде. Көбінесе, сауда орындарында, діни ұйымдарда, құрлыс алаңдарында, жоғарғы оқу орындарының студенттері мен оқытушыларының, қызметкерлердің, ХҚКО қызметкерлерінің, емхана, аурухана, салық органдарының қызметкерлері арасында әртүрлі мекемелерде оқытылып жүр. Тыңдармандарға қоғамның әлеуметтік, құқықтық, діни сипаттарын ұғындыра отырып, оларды террорлық, лаңкестік және діни экстремистік бағытта арандатуға жол бермеу мақсат тұтылып отыр. Дәрістер мен кездесулерде бейнефильмдер, слайдтар көрсетіліп, ойталқы, пікірталастар қызу талқыланады. Теріс ағымдардың алдау азғыруына көніп, қарамағына ілінбеу үшін осындай ақпараттық түсіндіру топтарының мүшелері «Экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жолдары», «ҚР экстремизм мен терроризмге қарсы діни заңнамалар», «Теріс діни ағымдардың қоғамға ықпалы», «Діни секталардың жастарға, қоғамға қаупі» сынды тақырыптарға дәрістер, семинарлар, кездесулер өткізуі өте өзекті. Нақтырақ «Сириядағы жағдай», ДАИШ ұйымының құрығына түсіп адасып террорист болып кеткен, кейіннен ұйымның теріс мақсатын түсініп, елге «Жусан операциясы» арқылы оралып отырған қандас бауырларымызды мысалға келтірсек болады.

– Осындай кездесу барысында тыңдармандар арасында ең көп қойылатын сауал қандай? Адамдарды көбінесе не алаңдатады ?

– Кездесулер барысында ең көп қойылатын сұрақтардың бірі: қандай адамдар қауіп-қатерге ұшырайды және осындай ұйымдық топтардың құрығына түсіп қалады? Қандай діни атты жамылған ұйымдарға тыйым салынған және оларға енуге болмайды? Миссионерлердің мақсаты неде? Елімізде түрлі елдерден келіп дін уағыздаушы миссионерлік топтардың іс-әрекеті діни санаға кері ықпалын тигізуде.

– Миссионерлердің қызметін шектеуге біздің заң тұрғысынан талаптар бар ма?

– Миссионерлік қызметті шектеуде өркениетті елдердің тәжірибесін негізге ала отырып және ұлттық мүдделерімізді негізге ала отырып жасауымыз керек. Миссионерлер жастарды ағылшын тілі курсына, студенттермен тәжірибе алмасу, гранттық бағдарламалар, оңай ақша табу деген сияқты айла шарғымен шақырады. Шетелдік миссионерлер жастар мен балалар лагерьлерін, ағылшын тілін және музыкалық аспаптарда ойнауды үйрету курстарын, студенттермен тәжірибе алмасу сынды түрлі айла-шарғымен өз жұмыстарын белсене жүргізуде. Әсіресе, кейбір деструктивті секталар азаматтардың отбасылық және жеке өміріне араласып, азаматтардың құқықтарына қол сұғуда. Азаматтардың кейбір конституциялық міндеттерін орындауына шек қоюда (Отанды қорғау). Мемлекеттік ән ұранды орындаудан бас тартып, мемлекеттік рәміздерге деген құрмет сезімін аяқасты етеді. Ислам діні бағытындағы кейбір деструктивті діни ағымдар өзге пікірге төзбеу, басқаларға агрессиялық көзқараспен қарау, алдына қойған мақсаттарына қарумен болса да қол жеткізу секілді сипаттармен танылды. Соның нәтижесінде ол басқаларға қатысты түрлі қатыгез іс-әрекеттерге баруы да ықтимал. Ата-ананың қызметі, туыстарға жан ашу және қоғамның қамқоршысы болу секілді адами және ислами моралдық құндылықтардан жырақ болады. Құран аяттарын өз беттерінше өзгертіп алған, әсіресе жас қыздарды алдап-арбап, отбасымен, туыстарымен араластырмай, «жалған некеге» тұрып, (мұсылмандық неке) деп жалған куәгер тартып, соңында бірнеше айдан соң қызды «талақ» айтып, түрлі сылтаулармен «ажырастым сенімен» деп қашып кететін азаматтар көбеюде. «Такфиршілер» ұйымына келсек, олар өздерін таза мұсылмандар санап, өзгелерді кәпірге есептейді екен. Египетте бастау алған бұл ағым өзге мұсылмандармен араласпайды, мешітке бармайды. Мұсылмандар арасында жік салушы. Мемлекеттің саяси бағытын қабылдамайды. Олар дін ақиқатын білуге талпынбайды. Ағым мұсылмандар арасында іріткі салып, олардың бірлік — ынтымағын бұзуға тырысады. Дау-жанжал туғызу арқылы мемлекеттің саяси-экономикалық бағдарламасының нығаюына кері ықпал жасайды. Бұл жерде біз бірнеше ғана секталар туралы мысал келтірдік. Кез келген сектаның мақсаты — ел тыныштығын бұзу, өз пікірлерін өз жақтастарын көбейту, ел арасында кеңінен тарату.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *