ТАРАЗ, 11 қыркүйек. Жамбыл облысында жол талғамайтын көлігінен ширек тоннадан астам марихуана табылды, деп облыстың полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазТАГ хабарлады.
«Бірлік — Мойынқұм — Ұланбел тас жолының 33-ші шақырымында Жамбыл облысы ПД Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Шу қаласының 40 жастағы тұрғынының басқаруындағы Toyota Runner көлігін ұстады. Ер адам салмағы 287,5 келі болатын 12 қап кептірілген марихуана алып жүрген», — делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі (есірткіні, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын заңсыз дайындау, өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, сату) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Күдікті Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деп хабарлады полициядан.