НҰР-СҰЛТАН, 12 қыркүйек. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының (ШЫҰ) Аймақтық терроризмге қарсы құрылым кеңесінің отырысы Петербургте ашылды, оның қатысушылары халықаралық терроризммен және содырлардың ұшқышсыз ұшатын аппараттарды пайдалануымен күрес мәселелерін талқылайды, деп РИА Новости хабарлайды.
«Әлемдегі жағдай шиеленісуде. Біздің елдеріміз үшін негізгі қауіп халықаралық террористік ұйымдардан туындайды. Бұл туралы бұрын-соңды болмаған лаңкестік әрекеттер, атап айтқанда, ШЫҰ диалог бойынша серіктес-ел Шри-Ланкада осы жылдың сәуір айында болған әрекеттер айғақтайды. Біз лаңкестік ұйымдар өздерінің иелігіндегі күштер мен құралдарды қайта бөліп, Таяу Шығыс шегінен шығып, біздің елдеріміздің аумағына ену мүмкіндігін иеленіп Ауғанстанға қарай жылжып жатқанын көріп отырмыз», — деп мәлімдеді РФ ФҚҚ директорының бірінші орынбасары Сергей Смирнов кеңестің 35-ші отырысын аша отырып.
Ол ШЫҰ елдерінің арнайы қызметтерінің делегациялары бүгін қандай басты сұрақтарды талқылайтынын айтты. «Бізге бірқатар маңызды шешімдер қабылдау керек. Террористік және экстремистік мақсаттарда ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалануға қарсы іс-қимыл туралы тәжірибемен өзара алмасу бойынша мәселені қарауды оң бағалаймыз. Біздің ынтымақтастығымыздың маңызды бағыты террористік белсенділік аймағынан қайтарылған тұлғаларды әлеуметтік оңалту бойынша тәжірибе алмасу және терроризмнің, сепаратизмнің және экстремизмнің беделін түсіруге бағытталған материалдардың ақпараттық ресурсын қалыптастыру болуы тиіс», — деп атап өтті Смирнов.
Аймақтық терроризмге қарсы құрылым отырысына Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей арнайы қызметтерінің, сондай-ақ Аймақтық терроризмге қарсы құрылымның атқарушы комитетінің делегациялары қатысады.