АЛМАТЫ, 13 қыркүйек. Әйел – отбасының ұйытқысы. Асыл жарының тірегі. Тәрбиелі, иман жүзді, адамгершілігі мол, ешкімнің ала жібін аттамайтын саналы ұрпақ тәрбиелеуде әйелдің рөлі зор. Әрбір әйелдің бұл дүниедегі басты міндеттерінің бірі аналық міндетін тиісінше атқару. Ол оның қасиетті борышы. Отбасының тыныштығы сол кісілердің қолында. Алайда, қоғамда өзекті мәселеге айналып отырған жат ағымдардың жетегіне кеткен нәзік жандар да бар. Олардың мұндай жолға түсуіне не түрткі болды? Діни экстремизмнің қауіп-қатерлерін әйелдерге қалай түсіндіруге болады? Бұл сауалдарға Алматы қаласындағы Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің баспасөз хатшысы, исламтанушы, дінтану ғылымының магистрі Айша Кеңесбаева ҚазАқпарат ХАА берген сұхбатында баяндады.
– Алматыда Қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған шаралар үздіксіз жүргізіліп келеді. Арнайы құрылған түсіндіру тобында сіз де барсыз, Айша Аманқызы, діни экстремизм мен терроризмің қауіптілігін кімдерге түсіндіресіздер?
– Түсіндіру тобы мықты мамандардан жасақталған. Мен теолог ретінде түсіндіру жұмыстарын жүргіземін. Біздің аудиториямызда шек жоқ. Оқу орындары, медициналық мекемелер, кәсіпорындар мен сауда орталықтарын қамтимыз. Негізгі мақсатымыз — адамдарды теріс ағымдардан сақтау. Еріп кетуіне жол бермеу. Өйткені, теріс ағымдағылар қоғамға қаупті. Оның жетегінде кеткендер халық арасында діни алауыздық туындатады. Бұл біздің тарихи дінімізге жат.
–Жат ағымдағылардан қорқу керек пе?
– Әрине, олар адамзатқа, жалпы қоғамға қаупті. Олар адамдарды адастырады. Санасын улайды. Оның негізгі айқын көрінісі — Сирияға кеткен қазақ отбасылары. Осының бәрі жат ағымдағыларға ерудің салдарынан орын алып отыр. Осының алдын алу мақсатында қазір түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Кейбір орталар діннен мүлдем бейхабар. Тіпті, дінді түсінетін кейбір орталар бізге сыни көзбен қарайды. Ондай кезде оларға біз алған біліміміз арқылы түсіндіруге тырысамыз. Елдің тыныштығы, халықтың амандығы бәрі осы дәстүрлі дінімізде, ата-бабамыздан қалған тарихи құндылықтардың арқасында екенін түсіндіреміз.
– Түсіндіру жұмыстарымен қатар сіздер олардың сұрақтарына да жауап бересіздер ғой, тұрғындарды не мазалайды?
– Дұрыс айтасыз, бізге сұрақтар көптеп қойылады. Олар әр түрлі болады. Біз барған ұжымға, ортаға, адамдарға байланысты. Мысалы, колледж студенттері үшін діннің ішкі рухы қызықты. Намазды не үшін оқиды?, Оразаны не үшін ұстайды?,- деген сауалдар қояды. Сосын біз де қарапайым тілмен түсіндіреміз. «Бісімілә деп бастаған істтің берекесі бар», «салт-дәстүрді» мысалға келтіріп отырып түсіндіреміз. Өзіміздің салт-дәстүрімізді айтамыз. Осы арқылы олардың көкейіндегі сұрақтарға жауап қайтарамыз. Сондай-ақ жастарды әлеуметтік желіде абай болуға шақырамыз. Өйткені, теріс діни ағымдардың негізгі қармағы осы әлеуметтік желіде. Олар осы желі арқылы жастарды біртіндеп біртіндеп өздеріне баурап алады. Осындай тәсілді қолданады. Адамдар өздеріне керегін әлеуметтік желіден іздеуді, табуды әдетке айналдырған. Онда ол дұрыс жазылған ба, бұрыс па оған өкінішке қарай көңіл аудармайды.
– Әйел — отбасының берекесі, тыныштықтың шырақшысы. Десекте, елімізде әйел адамдардың арасында діни радикалдану, діни экстремизмге кетіп жатқандарыбар. Олар мұндай жолды не үшін таңдайды?
– Мұның себептері көп. Мен осы жолға түскен қыз-келіншектермен әңгімелескен кезде түсінгенім, олар күйеулерінің талабы бойынша жат дінді қабылдаған. Олар жұбайының айтқанын бұлжытпай орындау, оларға бойсыну керек деп ойлайды. Бұл енді тұрмысқа шыққан келіншектерге байланысты. Ал, жас қыздарға келетін болсақ, бұл тікелей отбасына, ата-анасына, араласатын ортасына байланысты болады.
– Ислам дінінде әйелдің орны, мәртебесі қандай?
– Әйелдер еркектермен тең болмаса да, олардан төмен рөл атқармайды. Исламда әйел, біріншіден, мұсылманның, мүміннің тәрбиешісі. Исламның болашағы мүмін аналардың алтын қолдарында. Ислам діні алғашқы уақыттан бастап-ақ, әйел затының жанұядағы әрі қоғамдағы орнын белгіледі. Өзіне тиесілі міндетін нақтылап, ар-ұяты мен абыройын қорғады. Алтын ғасырда хадис іліміне және оны жеткізуде ең алғаш үлес қосқан пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жұбайлары екендігі сөзсіз. Олар ең алғаш пайғамбар хадистерін көздерінің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа жеткізді. Хафса, Умму Хабиба, Умму Сәләмә және Айша аналарымыз хадис саласындағы ең танымал әйелдер. Білгір де дана хазіреті Айша хадис және фиқһ саласында көптеген шәкірт тәрбиелеп шығарды. Оның ілімінен нәр алып, аттары мәшһүр болған Айша бинт Талха, Әмра бинт Абдурахман және Хафса бинт Сирин сияқты әйелдер бар.
– Елбасымыз бір сөзінде: «өзге елдер біздің байтақ жеріміз бен байлығымызға қызыға қарайтыны белгілі. Олар бізді жаулау мақсатында, адастыру мақсатында түрлі әдістер қолданады»,- деген болатын. Сіздің ойыңызша, өзге елдің қитұрқы саясаты әйелдерді адастырудың бірден-бір тәсілі деп ойлайсыз ба?
– Діннің негізгі тірегі – сенім. Біреу Аллаға, біреу пұтқа, біреу ақшаға сенеді. Бүгінгі қоғамдағы келеңсіз жайлар сенімге келіп тірелуде. Сенімі теріс адам құрдымға кетеді, бес уақыт намазын қаза қылмайтын адамның сенімі теріс болса, ол ертеңгі ақыретте бәрібір жемісін бермейді. Дін мемлекеттен бөлек десе де, мемлекет бүгінде дінге аса мән беріп отыр. Себебі, сенімнің теріс болуы қоғамды іштен ірітуге әкелуі мүмкін. Еліміздің болашағына зиян келтіруге жұмыс жасап жатқан сыртқы күштер бар. Соның салдарынан жастарымыздың қайсыбірі елді тастап, шетелге кетіп жатыр. Бұдан бірнеше жыл бұрын 400-ден астам адам Сириядағы соғысқа кеткені айтылды. Бұған сенімінің адасуы себеп болып отыр. Қуанатын жәйт, соңғы жылдары ел аумағынан Сирия бағытына қарай бірде бір адам шықпапты. Мұның өзі — үлкен жетістік. Бұл — осы елімізде атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі. Оңалту, түсіндірудің жемісі десек те болады.
– Жасыратыны жоқ, қақтығыс аймақтарына біздің елден әйелдер де кетті?
– Қазір «Жусан» операциясы арқылы көптеген қандастарымыз елге оралып жатыр. Олардың ішінде әйелдер де бар. Басым бөлігі білместіктен, діни сауаты болмағандықтан немесе күйеунің қалауымен кеткендер.
– Сириядан қайтып оралған әйелдермен кездестіңіз бе?
– Әрине. Екі-үш келіншекпен оңалту жұмыстарын жүргіздім. Әңгімелестім. Менің байқағаным, олар дінді ұстанамыз, намаз оқимыз дегенімен, білімі өте төмен. Құранды дұрыс оқи алмайды. Олардың көбісі Абу Ханифа мазхабынан бейхабар. Сізге бір-екі мысал келтірейін. Алматылық бір бойжеткен еліміздің батыс өңіріне тұрмысқа шығады. Кейін екеуі Алматыға жұмыс істеу үшін келеді. Алайда, жолдасы өзіне лайықты жұмыс таба алмайды. Сөйтіп, ол нәпақа табу үшін Түркия еліне кетеді. Айта кететін жәйт, ол жігіт жат ағымды қолдайтындардың бірі. Содан бірнеше айдан соң хабарласып, әйелін шақыртады. Бұл жерде бәрі жақсы керемет деп сендіреді. Керемет «тосын сый» дайындап қойғанын айтады. Жолдасына кеткен жас келіншек Сирияның шекарасынан қалай шыққанын өзі де байқамай қалады. Қақтығыс аймағында жолдасынан адасып қалады, кейін күйеуі қайтыс болады. Енді, қазақтың келіншегі әбден қиналады. Әйтеуір әрең дегенде ата-анасына хабарласып, сол жақта тағы бір қазақтың жігітін кездестіріп, соған тұрмысқа шығып, елге аман-есен оралды. Бұл келіншектікі «тағдыр» десек болады. Мен кездескен екінші келіншек те жолдасының талабы бойынша бала-шағасымен кеткен. Ол Сирияда күйеуінен, баласынан айырылып келді. Бұл енді үлкен қайғы. Қазір ол әйел елде. Аман-есен.
– Қазіргі әйелдерге қойылатын талап бар ма?
– Әйелдерге талап қоя алмаймыз, әрине. Бірақ отбасына деген жауапкершілік болу керек. Қазіргі қыз-келіншектерге даналық жетіспейді. Әйелдің білімі, ұстанымы міндетті түрде балаларына әсер етеді. Бала, ең алдымен, ата-анасына қарап өседі. Атасының өсиеті, әжесінің ақылы, ата-анасының берген тәрбиесі — бала болашағының бағыт-бағдары. Егер анасы теріс ағымда болса, онда жағдай қиын. Сондықтан, әйел әр басқан қадамына абай болғаны абзал.