ПАВЛОДАР, 18 қыркүйек. Теракт туралы жалған ақпарат таратқан Павлодар тұрғыны бес жылға сотталуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тәртіп сақшылары бұрын сотталған 36 жастағы облыс орталығының тұрғынын анықтап, ұстады. Ол есірткі пайдаланып, ұялы телефонымен 112 операторына лаңкестік әрекетке куә болғанын хабарлаған», — деп мәлімдеді Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Белгілі болғандай, 22:00-де Павлодар тұрғынынан полицияға Марғұлан көшесі, №118 үйдің кіреберісінде террористік шабуыл жасалғаны туралы хабар түскен.
«Аталған факті бойынша оқиға орнына полицейлер мен жедел қызмет жіберілген. Жан-жақты тексеріс жүргізілгеннен кейін бұл факті расталмады, яғни жалған хабар таратқан», — деді департаментте.
Енді осы факті бойынша ҚР ҚК 273-бабы «Терроризм актісі туралы жалған хабар тарату» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Күдікті Павлодар полиция басқармасы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бұл бап бойынша күдікті бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Павлодарлық қалжыңы үшін сот алдында жауап береді.