АЛМАТЫ, 19 қыркүйек. Алматыда антитеррористік оқу-жаттығу өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы қалалық терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«2019 жылдың 19 қыркүйегінде Жетісу ауданы, Райымбек көшесінде (259, 261, 263) жоспарлы антитеррористік оқу-жаттығу өтеді. Оқу-жаттығудың мақсаты – адамдар көп жиналатын жерлерде террористік қауіп туындаған кезде өзара әрекеттесу дағдыларын пысықтау. Сондай-ақ, оқу-жаттығу міндеттері лаңкестік әрекеттерге осал нысандарда терроризм актісінің алдын алу тетіктерін жетілдіруге бағытталған. Сонымен бірге, шара өтетін кезеңде шектеу шаралары қарастырылатынын хабарлаймыз. Осыған байланысты азаматтарды өткізіліп жатқан іс-шараларға түсіністікпен қарап, қауіпсіздік шараларын сақтауға және жаттығулар өткізуге тартылған мемлекеттік орган қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауға шақырамыз», — делінген таратылған хабарламада.
Сонымен қатар, ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 443-бабына сәйкес, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын тұлғаның заңды талабына бағынбаған азаматтар әкімшілік жауапқа тартылатынын атап өткен жөн.