СЕМЕЙ, 21 қыркүйек. Семей полициясы басқармасының «102» номеріне қаланың әр шетінде орнатылған жарылғыш заттар туралы төрт жасырын хабарлама келіп түсті, деп хабарлайды Tengrinews.kz ШҚО ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Хабарланғандай, ақпарат алғаннан кейін ішкі істер органдарының барлық күштері мен құралдары жұмылдырылып, барлық шұғыл қызметтер хабарландырылды. Азаматтарды қауіпсіз жерге көшірілді.
Хабарламада көрсетілген нысандарды саперлер мен қызметтік иттер тексерді. Нәтижесінде орнатылған жарылғыш құрылғылар туралы ақпарат расталмады.
«Анонимді қоңырау шалған адамды анықтау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізілді. Қазіргі уақытта күдікті адам анықталып, ұсталды. Полиция дайындалып жатқан терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама таратқан адам қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеді», — делінген хабарламада.