НҰР-СҰЛТАН, 24 қыркүйек. Ресей барлық елдерді экстремизмге қарсы күрес жөніндегі ШЫҰ конвенциясына қосылуға шақырады және осы саладағы өзара іс-қимылды нығайту жұмысын жалғастыруда, деп РИА Новости агенттігіне берген сұхбатында РФ СІМ қазіргі заманның сын-тегеуріндері мен қауіп-қатерлер мәселелері жөніндегі департаментінің директоры Владимир Тарабрин мәлімдеді.
«Интернетте құқыққа қарсы контенттің таралуына қарсы әрекет ету бойынша тиімді халықаралық ынтымақтастықты ретке келтіру мақсаты бұрын-соңды болмағандай өзекті мәселе. Бұл ретте мұндай өзара іс-қимыл халықаралық құқықты міндетті түрде сақтауға, террористерге қатысты қосарланған стандарттар мен жасырын күн тәртібін пайдаланудан бас тартуға, мемлекеттер мен олардың құзыретті органдарының терроризм мен экстремизмге қарсы күресте жетекші рөлін мойындауға тиіс екеніне сенімдіміз. Бұл мәселеде біздің одақтастарымыз, ҰҚШҰ, ТМД, БРИКС және ШЫҰ бойынша пікірлестеріміздің қөзқарасы ұқсас «, — деді Тарабрин.
Оның айтуынша, құқықтық тұрғыда мұндай ынтымақтастықтың жақсы үлгісі 2017 жылдың маусымында қол қойылған ШЫҰ-ның экстремизмге қарсы конвенциясы болып табылады.
«Қазіргі жағдайда, біздің пікірімізше, бұл құжат салалық халықаралық ынтымақтастықтың жүргізу және терроризмге қарсы міндеттері стандарты бола алады. Айтпақшы, конвенция ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қатысуы үшін ғана емес, басқа да мүдделі мемлекеттердің қатысуы үшін де ашық. Біз баршаны осы құжатқа қосылуға шақырамыз және осы саладағы өзара іс — қимылды нығайту бойынша жұмысты жалғастырамыз», — деп қазіргі заманның сын-тегеуріндері мен қауіп-қатерлер мәселелері жөніндегі департаментінің басшысы атап өтті.
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының (ШЫҰ) экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі конвенциясына 2017 жылғы 9 маусымда Астана қаласында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында қол қойылды. Конвенциямен халықаралық құқықта алғаш рет экстремизм идеологиясы мен практикасына қарсы тұру мақсатында конвенцияға қатысушы мемлекеттердің ынтымақтастығы үшін заңдық негіз құрылды.