Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Радикализмге қарсы күрестегі әйелдер ұйымдарының рөлі

НҰР-СҰЛТАН, 27 қыркүйек. Бүгін елордасы Нұр-Сұлтанда «Жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеудегі және радикалды діни идеологияға иммунитетті қалыптастырудағы әйелдер ұйымдарының рөлі» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп Kazislam хабарлайды. 

Шараға қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдар мен еліміздің түкпір-түкпірінен келген деструктивті діни ағымдардан зардап шеккен тұлғалармен алдын алу және оңалту саласында қызмет ететін үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық ұйымдардың және ЖОО өкілдері мен теологтар, психологтар қатысты.

Конференцияда алғашқы болып сөз алған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов әйелдер ұйымдардың және жалпы әйел қауымының қоғамдағы рөлінің зор екенін айта келіп, осы жиынның бірнеше жылдан бері игі дәстүрге айналғанын тілге тиек етті.

«Біздің басты құндылығымыз – елдегі тұрақтылық пен бейбіт өмір діни экстремизм мен терроризмнің алдын алудағы азаматтық қоғам институттарымен бірлескен нәтижелі жұмысымыздың мызғымас іргетасы» — деген вице-министр, бұл бағытта атқарылып жатқан кейбір кемшіліктерді де атап өтті.

«Жалпы, біздің елімізде отбасылық, гендерлік мәселелермен айналысатын 77 үкіметтік емес ұйым бар екен. Бірақ, көз жүгіртсек, бірде-біреуі дін саласына аса атсалысып жатқан жоқ секілді. Облыстарда оларға 235 млн. теңге бөлінеді екен. 126 жоба іске асырылып жатыр. Біздің орталықта да отбасылық құндылықтарға байланысты деңгейде де бірнеше жоба бар. Ал бірақ, оның айтарлықтай көзге түсерлік жұмысын, әсерін де көріп отырған жоқпыз» — дейді М.Әзілханов.

Ал белгілі қоғам қайраткері, тіл жанашыры Асылы Осман дәстүрлі дінімізді өз қалпында сақтауымыз керек, ол үшін отбасындағы тәрбие ана тілінде берілуі керек дейді.

«Қоғамдық құратын да, оның тірегі де – аналар. Тіл мен діннің егіз екенін ешкім шетке шығара алмайды. Тіл мен дін – сіздің жан дүниеңіздегі рухани құндылық. Рухани дүниені ұлттың жанына ұялата алатын – ана. Ал менің қазағымның бұрынғы аналары мен қазіргі аналарын салыстыруға келе ме? Ешкімді жатсынбайтын қазағым адами асыл қасиетін бойында сақтаса деймін. Қазақ өзгеге, басқаға үлгі болса екен деген бар арман-тілегім бар. Оның барлығы тек тіл арқылы ғана ұрпақтың жанына ұялайтынын еш уақытта ұмытпайық. Бірақ, егер қыздары өзінің ана тілін білмесе – ол ұлтының бойындағы адами асыл қасиетімен, әдетін, ғұрпын, салтын қалай сезеді. Тарихты, мәдениетті, әдебиетті жеткізетін көмейдегі сөз бенен таңдайдағы тіл ғана» — дейді ол.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл ұрпақ тәрбиесін әйелдерге ғана ысырып қою әбестік санайтынын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі ер-азаматтар «әйелді қойнына алуды біледі де, міндетін мойнына алуды білмейді». Соның салдарынан қоғам тұтастығы бұзылып, тәрбиенің әлсіздігінен ұл-қызымыз теріс діни түсінікке немесе азғындыққа түсіп жатыр.

«Жастар иманмен нұрланған және біліммен қаруланған болса, отбасында дұрыс тәрбие алса еліміздің болашағы жарқын болар еді» — деп ойын түйіндеді Мәжіліс депутаты. Сондай-ақ, сөзінің соңында жүрекжарды өлеңін оқып, әйелдер ұйымдарының жұмысына сәттілік тіледі.

Бұдан кейін мінберге көтерілген «Нұр-Мүбарак» Ислам мәдениеті университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев радикализмге қарсы күресте қажетті әдістердің бірнешеуін тізіп шығып, оларды әйелдер ұйымдарының да пайдалануына кеңес берді.

— Хақ дініміз исламда бірінші кезекте елдің тыныштығы, қоғам тұтастығы тұрады. Бұл туралы Құранның бірнеше аяттарында және хадистерде көптеп кездеседі. Сол себепті радикалды көзқарастағы азаматтарға ең алдымен діннің өміршеңдігін түсіндіру қажет. Хақ діннің барлық өзгерістерге жауап бере алатынын жеткізіп, діни мәтіндерді өзіміз дұрыс түсініп әрі өзгеге дұрыс түсіндіре алуға тиіспіз. Өйткені, радикалды көзқарастағы адамдардың көбеюіне осы діни мәтіндерді дұрыс интерпретацияламағанның кесірінен болып отыр.

Екіншіден, дінде мақсат өзгермейтінін, бірақ құралдың заманға, қоғамға сай өзгеріп отыратынын жеткізу керек. Мысалы, радикалданған азаматтар соғыс, емделу мәселелерінде пайғамбар (с.ғ.с.) заманындағы құралдармен, менталитетті ұстанғысы келеді. Байқасаңыз, бір ауруды емдеудің өткен замандарда басқа әдісі, қазіргі кезде басқа әдісі бар. Екеуінің де мақсаты – емделу, тек құралында ғана өзгеріс бар. Хақ дін бұған қарсы шықпайды. Біздің сыртқы формамызбен шұғылданбайды. Өйткені, дін адамзатқа өмірді қиындату үшін берілген жоқ, -дейді ол.

Қ.Құрманбаев, қоғамнан оқшауланып жүретін азаматтардың әлсіз тұсын білу және білімді болуың маңызды. Сонда ғана сұхбаттасушының мысын басып, Хақ діннің қандай болатынына көзін жеткізесің.

«Оларға қарсы қарапайым сұрақ қойып, өздерінің тірек сөздеріне қатысты шабуыл жасау керек. Мәселен, Бұхаридің ғана хадистеріне сүйенем деген адамға сол кітаптың толық атауын айтып берші деңізші, айта алмайды. Себебі білмейді. Осылайша, оның мысын басып, көзін ашуға әрекет жасай бересің. Бірақ бір-екі сағаттық лекциямен оңалтып алам деп ойласаңыз қателесесіз. Білім жүйелі түрде берілуі керек» — дейді ол.

Сонымен қатар, конференция конструктивтік рухта өтіп, түрлі қоғамдық институттар өкілдері халық арасында, әсіресе, жастар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуына бағытталған жұмыстарды жақсарту бойынша өздерінің ұсыныстарын жеткізіп, тәжірибелерімен бөлісті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *